«Шымкент қаласы ұлттық халық санағына толықтай дайын». Бұл туралы Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов Үкімет отырысында айтты.
Оның сөзінше, жылжымайтын мүліктердің мекенжайын нақты көрсететін жаңартылған карта әзірленген. Санақ персоналына қала аумағына кейін қосылған елді-мекендерге қатынау үшін жеңіл автокөлік ұйымдастырылды.
Сонымен қатар, Премьер-министр Асқар Мамин қысқа мерзімде міндетті вакциналаудан өткен жұмыскерлердің халық санағын өткізу үшін қажетті санын жұмысқа орналастыруды қамтамасыз етуді тапсырды.
Шымкент қаласы қыркүйек-қазан айларында өтетін ұлттық халық санағының 2-ші кезеңіне толықтай дайын. Үкімет отырысында осылай деп мәлімдеген қала әкімі Мұрат Әйтенов аталмыш іс-шараны насихаттау барысында жан-жақты жұмыстар жүргізілгенін алға тартты. Айтуынша, жылжымайтын мүліктердің мекенжайын көрсететін жаңартылған карта әзірленген екен.
Мұрат Әйтенов, Шымкент қаласының әкімі: «Санақ персоналын үй-жаймен қамтамасыз ету бойынша 155 нұсқаушы учаске белгіленіп, жиһазбен, құрал-саймандармен, телефон байланысымен және интернетпен жабдықталды. Халықты барынша ұлттық халық санақ мәні мен маңыздылығы туралы үгіт-насихаттау және түсіндіру жұмыстарын жүргізу мақсатында 50 билборд және 4 тартпа орнатылды. Қала аумағында адам көп шоғырланатын жерлерге, қоғамдық көліктерге жалпы 2500 дана ақпараттық парақ таратылды. Қыркүйек айында қосымша 2500 дана ілу жоспарланып отыр».
Сонымен қатар, шаһар басшысы қалаға кейіннен қосылған елдімекендерге бару үшін санақ персоналдарына арнайы көлік берілетінін айтты. Жалпы Шымкентте ұлттық халық санағына 215 нұсқаушы-бақылаушы, 1502 интервьюер тартылатын болады.
Мұрат Әйтенов, Шымкент қаласының әкімі: «Санақ персоналына қала аумағына кейін қосылған елді-мекендерге қатынау үшін 14 жеңіл автокөлік ұйымастырылды. Қаладағы эпидемиологиялық ахуалды ескере отырып, санақ персоналы вакциналаудан өтіп жатыр. Санақ персоналының қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін учаскелік полиция өкілдері профилактикалық және ұйымдастыру жұмыстарын тұрақты түрде жүргізді».
Үкімет басшысы Асқар Мамин отырыста Ұлттық санақтың мән-маңызына тоқталды. Осының нәтижесінде әр елдегі ахуалды талдауға, болжам жасауға және тиісті шешімдер қабылдауға негіз болатын көптеген көрсеткіштер алынатынын атап өтті. Сондай-ақ, ол осы жолғы халық санағы қағазсыз жүргізіледі деді.
Асқар Мамин, ҚР Премьер-министрі: «Еліміздің әр азаматының санаққа қатысуының маңызы өте зор. Санақ процесін автоматтандыру үшін қағаздан мүлдем бас тартып, цифрлық технологияларды қолдану жоспарланып отыр. Бұл мәліметтерді жедел жинауға және шығындарды азайтуға мүмкіндік береді. Жалпы санақ өткізілетін уақытта 32 мың адам жұмысқа алынады».
Премьер-министр орынбасары Әлихан Смайылов санақ жүргізу кезінде қағаздың орнына планшет қолдану шараның шығындарын біршама азайтатынын алға тартты. Бұл 2009 жылғы санақтың шығындарына қарағанда 2,6 есе арзан болуына мүмкіндік беріп отыр. Оның үстіне деректердің сапасы мен ақпаратты жинау жеделдігі айтарлықтай жақсарады. Санақ аяқталған соң планшеттер мектептер мен ауруханаларға беріледі.
Әлихан Файзханов