Шымкентте жас сарбаздар әскери ант қабылдады

206

Шымкенттегі 6506 әскери бөлімінде ант қабылдау шарасы өткізілді. Бір ай бойы оқу-жаттығуға қатысқан жас сарбаздар бір жылдық борышты адал өтеуге ант берді. Отан қорғаушылардың туыстары бұл салтанатты шараны онлайн тамашалады. Алайда кейбір ата-аналар баласын көріп, ыстық лебізін білдіру үшін арнайы үшінші мегаполиске ат басын бұрыпты.

Шымкентте әскери ант қабылдау шарасы өтті. 6506 әскери бөлімінде 356 сарбаз Қазақстанның ұлан-байтақ жері мен елін қорғауға ант берді. Бір айы бойы қатарластарымен бірге оқу-жаттығуларына қатысқан көкшетаулық Бердібек осы уақыт аралығында көп нәрсені үйренгенін айтады. 19 жастағы сарбаз бір жылдық борышымды өтеуге дайынмын дейді.

Бердібек Әлібекұлы, жас сарбаз: «Өз қатарластарыммен бірге бір ай оқу пунктінен өтіп, ант қабылдағаныма қуаныштымын. Отан алдындағы борышын өтеу әрбір ер азаматтың парызы деп білемін. Мен Қазақстан Республикасына адал қызмет етуге, Шымкент қаласының тәртібін сақтауға ант етемін».

Еліміздің тоғыз өңірінен келген азаматтар бір ай жауынгерлік, бір апта алғашқы әскери дайындық сабақтарынан өткен. Енді сарбаздар «кіші мамандарды даярлау» бағдарламасы бойынша әскери дайындықты бастайды.

Батальон комондирінің орынбасары капитан Саят Саинов болашақ әскери қызметкерлерді антқа адал болып, ел тыныштығы мен тұрақтылығы жолында борышын мүлтіксіз атқаруға шақырды.

Саят Саинов, 6506 әскери бөлімі батальон командирінің тәрбие ісі жөніндегі орынбасары: «Әскери ант қабылдау әскери қызметтегі ең маңызды, ең алғашқы рәсімдердің бірі болып саналады. Сондықтан сарбаздар әрі қарай да осы анттарына берік, адал болып, отан алдындағы әскери борыштарын адал атқарады деп ойлаймыз».

Биыл карантиндік шектеулерге байланысты әскери қызметкерлердің ата-анасы мен туысқандары ант қабылдау шарасына жаппай қатыстырылмады. Тек әлеуметтік желі арқылы тамашалап, ыстық лебіздерін білдірді. Алайда сыртта отан қорғаушыларды бір көріп, амандығын тілесек деген бір топ жанашырлары күтіп тұрды. Тараз қаласының тұрғыны Рахат Тоғайбекова да ұлының аман-есен борышын өтеуіне тілеулес екендігін жеткізді.

Рахат Тоғайбекова, жас сарбаздың анасы: «Балаларымыз енді отан алдындағы борышын өтеп жатыр. Бейбітшілік осы сарбаздардан болады ғой. Біздің тыныштығымызды сақтап, берекемізді сақтап отыратын осы ұлдарымыз. Құдай қаласа, осылар аман-есен борышын өтеп Отандарына оралсын. Тілеулеспіз. Жақсы жағдай жасалып жатыр екен. Комондирлері, сержанттары уацап, әлеуметтік желілерден хабардар етіп отырады. Көріп отырмыз. Рақмет барлықтарына».

Ант қабылдап, нағыз сарбаз атанған жас сарбаздар алдағы бір жыл ішінде әскери тәртіп пен қажетті жауынгерлік даярлықты меңгеретін болады.

                                                                                         Мөлдір Ибадуллаева