«Жас сарбаз» сыныптары арасында әскери-патриоттық жиын өтті

49

Шымкенттік «Жас сарбаз» қозғалысының мүшелері арасында әскери-патриоттық жиын өтті. 2 күндік шарада мектеп оқушылары спорттың 6 түрі бойынша бақ сынады. Биыл екінші рет өткізіліп отырған сайыстың қандай ерекшелігі бар?

8 сынып оқушысы Аякөз Серікова әскери маман болуды армандайды. Сондықтан өзі сұранып, «Жас сарбаз» сыныбына ауысқан. Ол мұнда жүріп, бүгінде әскери өмірдің тыныс-тіршілігімен танысуда.

Аякөз Серікова, 8 сынып оқушысы: «Мектепте біз АК-74 мылтығын шашып, жинауға, пресске дайындалдық. Біздің лагерьге келген себебіміз, өзіміздің «Жас сарбазымызды» шынықтыруға, ары қарай алып кетуге және қызығушылығымызды арттыруға келдік».


Шымкенттік «Жас сарбаз» сыныптары арасында «Оқу-дала жаттығу» әскери-патриоттық жиыны өтті. Шараға 12 мектептен 100 оқушы қатысты. Олар кермеге тартылу, арқаға жатып денені көтеру, арқан тарту, садақ ату, 100 м жүгіру, АК-74 оқулық автоматын уақытқа бөлшектеу және жинақтау сынды спорттың 6 түрі бойынша өзара бақ сынады.

Ерболат Байтұрсынов, «Балалар турникке тартылды. Қыздар пресс тапсырды. 100 метрге жүгіргенде 1 бала, 1 қыз қатысты. Ал арқан тартыста командалар 2 жаққа бөлінеді. Бәрі уақытпен есептеледі. Басты мән беретініміз қауіпсіздік ережесін дұрыс сақтауы».

Биыл шара екінші рет өткізіліп отыр. Бұл жолы сайысқа садақ ату спорт түрі қосылды. Ұйымдастырушылардың сөзінше бұл жиын жастардың патриоттық рухын көтеруге көмектеседі.

Ролан Қонысбеков, «Жас сарбаз» қозғалысының Шымкент қаласы бойынша филиалының төрағасы: «Іс-шарамыз Шымкент қаласы ішкі саясат басқармасы, білім басқармасының қолдауымен 100 баладан тұратын 2 күндік патриоттық лагеріміз өтіп жатыр. Қазіргі таңда жастардың әскерге деген көзқарасы өзгеріп кетті. Әскерден қашу көбейіп кетті. Сол үшін алдын ала әскери өмірге мектептен үйрету болып табылады. Мұны білген жастар ертең әскерге барғанда қиналмайтын болады. Егер өмірін әскери салаға арнаса да бұл керек. Мұнда оқып, біліп шығады»

2 күнге созылған оқу-жаттығу жиынына алтыншы және сегізінші сынып оқушылары қатысты. Олардың ішінде жүзден жүйрік шыққандарына қаржылай сертификаттар және бағалы сыйлықтар табыс етілді.