Шымкенттік ақ халаттыларға ыстық тамақ пен жеміс жидек таратылды

105

Шымкенттік депутаттар мен еріктілер вакцина бекеттеріндегі дәрігерлерге ыстық ас пен жеміс-жидек таратты. Мұндағы басты мақсат — індеттің өршіп тұрған шағында аянбай еңбек етіп жүрген ақ халаттыларға құрмет көрсетіп, халық алғысын жеткізу.

Бұған дейін де бірнеше рет ұйымдастырылған шарада 80 шақты медицина қызметкерлеріне ризашылық білдірді.

Шымкентте ақ халаттыларға ыстық тамақ пен жеміс-жидек таратылды. «30 қайырымды іс» жобасы аясында ұйымдастырылған акцияға депутаттар мен ерікті жастар қатысты.

Басты мақсат — қауіпті індетпен күресіп жатқан ақ халаттыларға құрмет көрсетіп, алғыс айту. Жастар ресурстық орталығы бастаған бұл шара бұған дейін де бірнеше рет өткізілген болатын. Ал бұл жолы вакцина егу бекеттерінде күн-түн демей жұмыс істеп жатқан медицина қызметкерлерін қуантуды көздедік дейді олар.

Жасмин Ашимова, Жастар мәслихатының депутаты: «Біздегі 36 егу бекеттеріндегі түнге дейін істейтін дәрігерлер бар екен. Соларды қуантайық деп шештік. Ақ халаттылардың еңбегі зор екенін көрсетіп оларға үлкен құрмет, алғыс айтайық дедік».

Бұл шараға 30 жылдан бері қиын жағдайдағы адамдарға тамақ үлестіретін халықаралық ұйым да атсалысыпты. 2018 жылдан бастап ерікті болып жүрген Дильназа Рустемова дәрігерлерге арналған вегетериан палауын дайындау процесіне өзім қатыстым дейді.

Дильназа Рүстемова, ерікті: «Өткен жылы Жастар орталығымен адамдарды тамақтандырдық, көмектестік. Ал бұл жолы біз палаудың 80 порциясын дайындадық. Біздің барлық тағамымыз дәмді әрі ыстық. Біз мұны өзіміз дайындаймыз және вегетариандық. Яғни, етсіз жасалған. Бірақ, еттің орны котлетпен алмастырылған».

Игі акция ұйымдастырушылары мұндай шара мұнымен тоқтамайды, алдағы уақытта да дәрігерлерге алғыс айтуды жалғастырамыз дейді.
                                       Мөлдір Ибадуллаева