Тойханаларды полиция қызметкерлері күзететін болды

238

Түркістан облысында 500-ден астам тойхана бар. Облыс басшысы Өмірзақ Шөкеев әр тойхананың алдын полиция қызметкері күзету керек екенін алға тартты.

Оның сөзінше, індеттің таралуына жол бермеу үшін жан-жақты жұмыстар атқарылу керек. Сондай-ақ өңір әкімі пандемиямен күрестің негізгі жолы вакциналау барысын бақылауды, мобильді топтардың жұмысын күшейтуді тапсырды.

Түркістан облысында 500-ден астам тойхана бар. Коронавирустың таралуына жол бермеу үшін тойханалардың барлығын полиция қызметкерлері күзетеді. Осылай деген облыс басшысы Өмірзақ Шөкеев мобильді топтардың жұмысын күшейтуді тапсырды. Сонымен қатар, тұрғындарды індетпен күрестің негізгі жолы — вакцина салдыруға шақырды.

Өмірзақ Шөкеев, Түркістан облысының әкімі: «Дұрыс әр тойхананың алдына бір полиция қойып қою керек. Қанша тойхана бар екен облыста? Ең дұрысы осы.  Бәрін қойып қою керек».

Пандемия басталғалы коронавирус жұқтырғандардың 30%-дан астамы қарым-қатынаста болғандар. 60% жуығы пневмония диагнозымен және стационарларға жоспарлы шұғыл жатқызылғандар екен. Мониторинг топ жұмыстарының арқасында соңғы аптада тыйым салынған 115 отбасылық, мерекелік іс-шаралар анықталған.

Бахтыораз Елемесов, Түркістан облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары: «Соңғы аптада тіркелген 972 аурушаңдықтың көпшілігі белсенді жастағылар, яғни, 20-49 жастағылар құрап отыр. Олардың үлес мөлшеріне 38 пайыз тиіп отыр. Індетті жұқтыру орындары бойынша 59,4 пайызы әртүрлі қоғамдық көпшілік орындарға барғандар және бетперделік режимді бұзғандар болып табылады».

Түркістан облысында пандемия басталғалы 10 мыңға жуық адам індет жұқтырған. Оның 8047-сі жазылып шыққан. Қайтыс болғандар саны — 59. Стационарда 1815 адам ем қабылдап жатса, ал үй карантинінде 222 адам аурумен күресуде.