Түркістан облысының Төлеби ауданында мыңдаған төрт түлік малдары сусыз және азықсыз қалды. 4 ауыл тұрғындары жайылымдық жерлердің жоқтығына шағымданып отыр.
Олардың айтуынша, бұрын мал жайылатын жерлерде қазір демалыс орындары орналасқан. Оның үстіне өзенге баратын жол да жабық екен.
Кең жайылым мен салқын тау суының жанында жайылудың орнына мына жылқылар шыжыған ыстық күн астында тұруға мәжбүр. Төлеби ауданындағы Қасқасу ауылының тұрғыны Есенбек Әуезбаев малды жаю мүмкін емес болып кетті дейді. Айтуынша, ауыл айналасындағы жайылымдық жерлер демалыс орындарының иелігіне өтіп кеткен екен.
Есенбек Әуезбаев, Төлеби ауданы, Қасқасу ауылының тұрғыны: «Жайылым жоқ. Жайылым жайылатын жерді жайғызбайды, қуады. Содан кейін айдап келіп қамап, түс кезінде сол енді суын беріп, жемін беріп қамап отыр енді. Жайылымға шығара алмайды енді бұлар. Айттым ғой, адамдарды кіргізбейді бұл жерде. Көрдіңіз ба, ұстап қалады».
Жайылымдық жерлерді қайтару туралы Керегетас, Кеңесарық, төменгі және Жоғарғы Қасқасу ауылдарының халқы түгел шағымдануда.
Досмахан Алханов, Төлеби ауданы, Керегетас ауылының тұрғыны: «1998 жылы негізі бұл ортақ жайылым болған бізде. Бұл жайылым бөлінбейді. Қанша ауыл, 4 ауыл ма, 4 ауылдың бәрінің жайылымы деп пәленбай гектар жер берілген бізге. Сол гектар жеріміздің бәрін мемлекет біреулерге заңдастырып, үйтіп-бүйтіп актілеп беріп қойған. Сондықтан жайылым бізді мазалап жатқан. Неге жая алмаймыз, ондай жердің бәрін олар гектарлап қоршап алған, демалыс орындар салып алған. Бұл жер кодексінің заңдылығында бар ғой негізінде».
Ерлан Бексейітов, Төлеби ауданы, Қасқасу ауылының тұрғыны: «Елдімекеннің жайылымдарын зерттегенбіз. Сол кездерде мынау төменгі Қасқасу елдімекенінде 220 гектар жайылым бар екен. Кенесарық елдімекенінде 280 гектар жайылымдық жер бар. Ал мынау жоғарғы Қасқасуда 167 гектар жайылым жер бар».
Әкімдік төрт ауылдағы жайылым жерлер мәселесінен хабардар. Бұл бойынша жергілікті тұрғындар бірнеше рет наразылық білдірген. Айтуларынша, Төлеби ауданында 168 кәсіпкерлік нысан бар, олар жайылымдық жерді демалыс аймағына айналдырған екен.
Бақберген Құралбаев, Төлеби ауданы әкімінің орынбасары: «Жалпы Қасқасу ауыл округінде 1074 гектар жер бар. Ол үш ауылдық тұтыну кооперативіне бөлініп берілген. Бүгінгі таңда 1074 гектардың 800 гектарын қайтарып беруіміз керек. Бүгінгі таңда соттасу процесі жүріп жатыр. Сол процесс біткеннен кейін 800 гектар қайтатын болады».
Әкім орынбасары жерді мемлекет меншігіне қайтару бойынша жұмысқа бір жылдан астам уақыт кететінін айтады. Ал өзен жағалауларындағы қоршауларды ақжағалылар алдағы бірнеше аптаның ішінде шешеміз деп уәде берді.
Әлихан Файзханов