Түркістан: Балмұздақ сатып күніне 1 мың доллар табыс тауып отыр

93

Түркістанда күніне 1 мың АҚШ долларын табуға болады. Бұл туралы облыс әкімдігінің қызметкерлері айтты.

Сөздерінше, мұндай қаражатты табу үшін тек еңбек ету қажет. Қазіргі таңда күнгей өңір тұрғындарына кәсіп жасауға барлық жағдай жасалуда. «Керуен сарай» туристік кешенінде сауда жасайтын кәсіпкерлер пандемия кезінде де қарқынды жұмыс істеп жатыр дейді жауаптылар. Сондай-ақ оларды қолдау мақсатында жеңілдетілген несие де қарастырылып отыр.

Бір күнде 1000 АҚШ доллар табыс табады. Түркістан қаласындағы «Керуен сарай» туристік кешенінде балмұздақ сататын Жамбыл Сәрсенбаев күніне дәл осындай пайда тауып отыр. Бұл — оның пандемия кезіндегі табысы. Мереке күндердегі табыс одан да жоғары болатын көрінеді. Қазіргі таңда түркістандық кәсіпкер бір емес, бірнеше дүңгіршек ашып алдым дейді.

Жамбыл Сәрсенбаев, кәсіпкер:
«Сауда өте жақсы. Демалыс күндері 1 мың доллардың үстінде пайда табамыз. Еңбегімізді ақтап жатыр. Бағамыз қаладағы бағамен бірдей, қымбат емес. Келушілер көп болады. Демалыс күндері ине шаншар орын болмайды. Облыс әкімдігі жеңілдіктер ұсынып жатыр».

«Керуен сарайға» қазірдің өзінде әлемге әйгілі бренд иелері қызығушылық танытып отыр екен. Жаңа ашылған сауда орындарының жұмысымен танысып шыққан Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев туристік кешенде жергілікті кәсіпкерлерге қолдау көрсетілетіні туралы айтты. Яғни, облыс әкімдігінің қолдауымен 4%-дық жеңілдетілген несие беру қарастырылған.

Рашид Аюпов, Түркістан облысы әкімінің орынбасары: «Түркістан облысы әкімінің тапсырмасына сәйкес, инвесторларға сауда нүктелерін жалға алуға жеңілдік беру үшін арнайы «Түркістан» әлеуметтік — кәсіпкерлік корпорациясы» арқылы «Яссы» бизнес деген несие беру жобасы ашылды. Кәсіпкерлерге 27 млн теңгеге дейін 4 пайызбен 5 жылға дейін кредит беріледі. Яғни, кәсіпкерлер осы ақшаны алып, жөндеу жұмыстарына, өз қажетіне пайдалануға толық мүмкіндіктері бар».

«Керуен сарай» кешеніндегі сауда орталығының аумағы 23 мың шаршы метрден асады. Яғни, бұл инвесторларға кафе, ресторан және киім-кешек саудасына арналған. Қазіргі таңда оның 54 пайызы ашылуға дайын екен.

Айта кетейік, карантин режиміне байланысты туристік кешен есігі жұмыс күндері сағат 09:00-ден 22:00-ге дейін қонақтар үшін ашық, ал сенбі-жексенбі демалыс.

                                                                                            Мөлдір Ибадуллаева