Жалған вакцина паспортын жасатқандар екпе салдыра ала ма?

110

Короновирусқа қарсы жалған вакцина паспортын жасатқандар екпе салдыра ала ма? Көптің көкейінде жүрген бұл сауалға бүгін Шымкенттің бас дәрігері Бақытжан Позилов жауап берді. Сондай-ақ, қалалық денсаулық сақтау басқармасының басшысы тәжівирусынан қайтыс болғандардың 80 пайызы созылмалы ауруы бар адамдар екенін жеткізді. Сол үшін алдымен айналамыздағы осы топтағы азаматтарды қорғауымыз қажет дейді шенеунік.

Вакцинадан қорқып, екпе қабылдағаны жөнінде паспортты сатып алғандар тек жауапқа тартылып қана қоймай, енді олар екпені қанша қаласа да салдыра алмайды. Шымкент қалалық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Бақытжан Позилов осылай деп мәлімдеді. Айтуынша, ол адамдар екпе қабылдағандар ретінде базада тіркеліп қойған.

Бақытжан Позилов, Шымкент қалалық денсаулық сақтау басқармасының басшысы:
«Бүгінде ел бойынша жалған вакцина паспортын жасатқан 60-тан аса дерек анықталып отыр. Барлығы базада тіркелген. Сондықтан олар енді короновирусқа қарсы вакцина салдыра алмайды».

Қаланың бас дәрігері тәжівирусынан ажал құшқандардың 80 пайыздан астамы созылмалы ауруы бар адамдар екенін алға тартты. Айтуынша, бұл науқастардың індетті жұқтыру қаупі өзгелерге қарағанда жоғары болады. Сондықтықтан қалалық денсаулық сақтау басқармасының басшысы осы топтағы азаматтарды жас ерекшелігіне қарамай вакцина алуға шақырады.

Бақытжан Позилов, Шымкент қалалық денсаулық сақтау басқармасының басшысы:
«Атап айтатын болсақ, қант диабеті, артеральді гипертония, созылмалы неврологиялық аурулары бар, инсульттан кейінгі аурулар. Соның ішінде онкологиялық аурулар. Мінекей, осы науқастар короновирус індетін жұқтырған кезде қайтыс болу қаупі 82 пайыз екен. Ғалымдардың зерттеп шығарғаны. Сол үшін бірінші орында осы жандарды вакцинациялауымыз керек».

Айта кетейік, үшінші мегаполистің 536 000 тұрғыны індетке қарсы екпенің екі компонентін де салдыруы керек. Сонда ғана ұжымдық иммунитет қалыптасады дейді ақ халаттылар. Ал бүкінде, вакцинаның екеуін де салдырғандар саны 405 986-ны құрап отыр.

                                                                                               Мөлдір Ибадуллаева