Өкпесі 85 пайыз қабынған науқас коронавирусты жеңіп шықты

98

1952 жылғы қала тұрғыны Ұлас Исаққызы короновирусты жеңіп шықты. Өкпесінің 85 пайызы зақымдалған қарт кісіні Шымкент қаласындағы жұқпалы аурулар ауруханасының дәрігерлері аман алып қалды.

Дәрігерлердің айтуынша компьютерлік томография нәтижесінде науқаста екі жақты пневмония анықталған. Бұған қоса ПТР сараптамасы бойынша Ұлас Исаққызында Covid-19 вирусы бар екені белгілі болған.

28-шілде күні ауыр халде жұқпалы аурулар ауруханасына жедел жәрдем қызметімен жеткізілген науқастың 3 тамыз күні жағдайы күрт нашарлаған соң дәрігерлер оны жансақтау бөліміне ауыстырып, жасанды тыныс алу аппаратына қосады.

Емдеу барысында қарт кісіге реанимациялық және вирусқа қарсы терапиялық емдер үздіксіз жүргізілді.

Дәрігердің айтуынша, айлап жансақтау бөлімінде жатқан науқастың созылмалы ауруларына байланысты асқынулар болған. Араға бір ай салып, науқастың жағдайы жақсарған соң дәрігерлер оны палалатаға ауыстырған. Емдеу жұмыстары оң нәтиже көрсетіп, бүгін 69 жастағы Ұлас Исаққызы үйіне шықты.