Шымкентке Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары Марат Әзілханов келді. Қаланың этномәдени бірлестіктерінің төрағаларымен кездесті. Жиында Президент Жолдауын іске асыруға Ассамблеясының атсалысуы, өңірдегі этносаралық келісімді нығайту шаралары сынды тақырыптар талқыланды.
Қалалық ҚХА өзекті мәселелерді шешуге әрдайым белсене атсалысады. Қаланың этномәдени бірлестіктері азаматтық қоғам институттары ретінде жақсы дамыған. Осылай деген Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары Марат Әзілханов үшінші мегаполистің этномәдени бірлестігінің төрағалығаларымен кездесті. Жиында сөз алғандар ассамблея жұмысымен таныстырып, бірқатар мәселелердің шешілуін сұрады.
«Қоғамдық келісім мекемелерінде жұмыс істейтін қызметкерлердің жалақылары өте төмен. Бүгінде жалақының тым төмен болуы салдарынан аталған мекемеде білікті мамандар тұрақтамайды. Себебі, 60-80 мың теңгеге кім келеді? Осы тұрғыда министрлікке осы саладағы азаматтық қызметкерлердің жалақысын есептеп, көбейту туралы ұсыныспен шығуды біз сұранамыз», дейді сала жауаптылары.
Іс-шарада ассамблеяның «Жаңғыру жолы» жастар қозғалысының тиімді қызметін қамтамасыз ету қажеттілігі айтылды. Сондай-ақ төраға орынбасары мегаполистік ассамблея өкілдерін мемлекет басшысының Жолдауын жүзеге асыруда белсенді атсалысуға шақырды.
Марат Әзілханов, Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары: «Биылғы Жолдау – ел бірлігін сақтаудың маңызын және Тәуелсіздікті нығайту қажеттілігін ұғындыратын айрықша құжат. Баршамызды біріктіретін құндылықтардың арқасында біз 30 жыл татулық пен келісімде өмір сүріп келеміз, тәуелсіз Қазақстанды құрдық, Тәуелсіздіктің ұрпағын өсірдік».
Айта кетейік, бүгінде үшінші мегаполисте 130 ұлт өкілдері өмір сүреді. Сондай-ақ, 16 этномәдени орталықтары мен 5 «Қоғамдық келісім» мекемелері жұмыс істейді.
Мөлдір Ибадуллаева