Құрылыс жұмыстары аяқталды

58

«Сайрам көмекші мектеп-интернат-колледжі арнайы кешені» деп аталатын бұрынғы мектеп-интернатта құрылыс жұмыстары аяқталды. Оның орнына шәкірттер үшін барлық жағдайлар жасалған типтік үлгідегі жаңа ғимарат бой көтерді.

Шымкент қаласының білім басқармасына қарасты Сайрам көмекші мектеп-интернаты бұдан былай «Сайрам көмекші мектеп-интернат-колледжі арнайы кешені» коммуналдық мемлекеттік мекемесі болып қайта құрылды. Оқу кешені 210 балаға лайықталып жасалып отыр. Жоба бойынша мұнда жатақхана, оқу ғимараты, акт және спорт залдары, сондай-ақ, медициналық пункт және асхана бар.

Алдағы уақытта кешеннің 35 сыныптық бөлмелері оқу заманауи жабдықтарымен қамтылмақ. Жаңадан бой көтерген арнайы мекемеде тігіншілік, аспаздық шеберхана, сенсорлық білім алу, психолог, логопед мамандардың сынып бөлмелері арнайы жабдықталып, жазғы спорт алаңы қарастырылған.

Сонымен қатар, кешеннің функционалдық міндетінің бірі — арнайы оқытуды қажет ететін балалардың психофизикалық кемшіліктерін түзету, олардың функционалдық сауаттылығын арттыру.

Айта кетейік, мекеме оқушыларға кәсіптік мамандықтар бойынша диплом беріледі.

 Гүлдана Дәурен