Жетінші шақырылымдағы Шымкент қаласы мәслихатының кезекті тоғызыншы сессиясы өтті. Күн тәртібінде жалпы 15 мәселе қаралып, депутаттар тарапынан қолдау тапты.

Жиында «2021-2023 жылдарға арналған Шымкент қаласының бюджеті туралы» мәслихат шешіміне өзгерістер енгізу мәселесі талқыланды. Әрі шаһар бюджетінің көлемі артатыны туралы да айтылды.

Үшінші мегаполис бюджеті 490 млрд. 600 млн. теңгеге артатын болды. Бұл бүгінгі қалалық мәслихаттың кезекті сессиясында айтылды. Ал бұған дейін шаһар бюджетінің көлемі 481 млрд 600 млн теңге болған еді. Экономика және бюджеттік жоспарлау басқарма басшысының айтуынша бюджет бірнеше салаларға қосымша қаржы бағыттау үшін көбейіп отыр.

Рахымберді Мүлкеманов, Шымкент қалалық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы: «Қосымша кірістер есебінен бірқатар салалаларға қосымша қаржы бағыттауға ұсыныс енгізді. Атап айтақанда денсаулық сақтау саласы бойынша науқастарды тегін дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етуге 1 млрд. 86 млн теңге, оқу сатып алуға 236 млн теңге, АӘК төлеуге 200 млн. теңге. Рысқұлов-Қонаев қиылысындағы жолайрық жаяу жүргіншілер өткелінің құрылысына 409 млн, мемлекеттік қызметкерлердің еңбекқасы ұлғаюына байланысты алты айға қосымша 990 млн, 25 көпқабатты тұрғынүйлердің күрделі жөндеу жұмыстарына 844 млн».

Сессияда 2021-2022 жылғы жылу маусымына дайындық шаралары да пысықталды. Бүгінде қала бойынша Шымкенттің 95 пайызы қыс мезгіліне сақадай сай дейді жауаптылар. Бүгінге дейін, Абай ауданында 394, Әл-Фараби ауданында 575, Еңбекші ауданында 500, Қаратау ауданы бойынша 378 үй толық дайындалып үлгерген.

Одан бөлек, 482 бюджеттік нысанның 480-і де қамтылған. Әрі бұл мекемелерге 980 тонна сұйық отын мен 4,7 мың тонна көмір қажет екен. Сондай-ақ қалалық мәслихат хатшысы әлі де жылыту маусымына алдын ала дайындық жұмыстарын жүргізу керек екендігін жеткізді

Бахадыр Нарымбетов,  Шымкент қаласының мәслихат хатшысы: «Бізде тұрғындарға газ кірмейтіндер аумақтарға көмір ал деп айту керек. Газ кіре ма, кірмей ме? Аудан әкімдері де сіздер де нақты айтуларыңыз керек. Халыққа газдың ішкі жүйесін кіргізіп қойып оған газ келеді деп күтіп қалып ертеңгі күні қиын болады. Келмейтінін келмейді, болатынын болады деп айту керек. Алдын ала дайындық жұмыстарын жүргізу керек».

Айта кетейік, сессияда Шымкенттегі көші-қон процестерін реттеу қағидаларын бекіту, «Жергілікті мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобаларының тізбесін бекіту туралы» мәслихат шешіміне толықтыру енгізу мәселелері қолдау тапты.

 Мөлдір Ибадуллаева