Шымкенттегі жеке клиникалар жоқ ағзаны «жамап» береді

125

«Денің сау, барлық ағзаларың орнында». Осындай жазбамен Шымкенттегі клиникалардың бірінде дәрігер науқасқа жоқ ағзаларын «жамап» берген. Оқиға 23 қыркүйек күні болған. Арызданушы науқас Динар Мұсаева онкологиялық ауруға шалдыққанына біренеше жыл болған. «Кезекті емнің алдындағы тексерістен өтіп, нәтижесін алғанда ішім алай-дүлей болды» дейді ол.

 Үш жылдан бері ауыр дертке шалдығып, үш ота, 18 химиия терапия курсынан өткен Динар Мұсаева дәрігерлердің салғырттығына наразы. Жеке емханаға мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру жүйесімен барған ол тексерудің нәтижесін көріп таң қалған. Осыдан біраз бұрын дертінің салдарынан жатырын алдырған ол, дәрігердің «сіздің деніңіз сау, ағзаларыңыздың бәрі орнында» деген нәтижесін алғанда не ойларымды да білмей қалдым дейді.

Динар Мұсаева, Шымкент қаласының тұрғыны: «Тексеру өте сәтті өтті және ешқандай жарық сөнген жоқ. Нәтижесін ұлым алып келді. Әр тексеруден жақсы хабар күтесің ғой әрине. Қағазда менің барлық ағзам түгел әрі сау екені жазылған. Бірден мені қабылдаған дәрігерге хабарласатым. Ол мені Руденко деген дәрігерге жіберді. Одан қате кетпеді ме деп сұрадым. Ал ол кешкі уақытта қарағанын әрі шаршап тұрғанын айтты. Мен жазба жариялаған соң ғана, маған қайта қаралған сипаттаманы жіберді».

Аталған аурухана қызметкерлері де бұл қателікті мойындап отыр. Мұндай олқылық зерттеу нәтижесін қарап, жазу барысында жарықтың сөніп қалуынан болып отыр дейді. Директор орынбасары мұндай жағдайдың аталған ауруханада бірінші рет болғанын жеткізді.

Зарина Точиева,  «Дау-Мед» клиникасының директор орынбасары: «Сергей Александрович көп жылдық жұмыс өтілі бар дәрігер, жоғары санатты, сертификатталған маман. Бірақ зерттеу жүргізілген күні электр қуатының істен шығуы, деректердің жойылуына әкеліп отыр. Зерттеудің жазбасы сақталған, ол бар. Тек тексеру жазбасы сақталмай қалған. Дәрігерге жаза ретінде қатаң сөгіс жарияланды».

Жауаптылар дәрігердің науқасқа хабарласып кешірім сұраған және магниттік-резонанстық томографиядан екінші рет өтуді ұсынған. Сондай-ақ, арызданушы Динар Мұсаева әлеуметтік желіде жазба жариялаған соң, мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорының ресми парақшасы жауап қалдырған. Аталған жазбада пациентке тексерудден қайта, тегін өтуді ұсынған.

Арапкүл Ізбасарова, МӘМС қоры филиалының директорының орынбасары: «Кешегі алдын ала берілген мәлімет, мониторнигке дейінгі мәлмет, расында «Дау-мед» клиникасының тарапынан жасалған ішкі аудиттың қызметін жүргізген тексеруі бойынша мәлімет алынған болатын. Дәрігерге клиника тарапынан сөгіс берілген. Біздің тарапымыздан айыппұл салынады. Пациенттің бір жылғы бөлінген ақшасы толықтай қайтарылып алады. Әлеуметтік сақтандыру жүйесінде бөлінген ақша бар ол кісіге, сол сома қайтарылып алынатын болады».

Ал, арызданушының сөзіне сүйенсек, дәрігер Руденко тексеруден қайта өту тұрмақ, тіпті кешірім де сұрамаған. «Керісінше, маған хабарласып, келісуге тырысты» дейді ол.

Динар Мұсаева, Шымкент қаласының тұрғыны: «Менен дәрігер ешқандай кешірім сұраған жоқ. Және қайта тексеруден өтіңіз деп те айтпады. Керісінше маған қоңырау шалып, фейсбуктегі жазбамды алып тастауымды сұрады».

«Ақылы мен ақысыз қызметке қашан бірдей жағдай жасалады? Бұл оқиға ашық жарияланып отырғаны. Ал назардан тыс қалғаны қанша?». Осылай деген Динар Мұсаева бұл кез келген қарапайым халықтың да басынан әбден өтуі мүмкін деп алаңдап отыр. Ал, Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қоры істің жауапсыз қалмайтындығына сендірді.

Гүлдана Дәурен