Шымкенттік дәрігерлер 16 жастағы баланың ағзасын сақтап қалды

76

Шымкенттік дәрігерлер 16 жастағы балаға күрделі ота жасап, ағзасын сақтап қалды. Тумасынан ауыр дертке шалдыққан науқас балаға хирургтар ашық әдіспен урологиялық операция жасап шықты. Қалалық клиникалық балалар аурухана базасында мұндай отаны дәрігерлер алғаш рет жасап, оң нәтижеге қол жеткізіп отыр.

16 жастағы Бекзатқа төрт күн бұрын күрделі ота жасалған. Операциядан кейін науқасты дәрігерлер күнделікті тексеріп, жағдайын бақылап отыр. Ауыр дертке шалдыққан пациентке дәрігерлер дер кезінде «гидронефроз» диагнозын қойып, бүйрегін сақтап қалды.

Маргуба Ергешова, науқастың анасы: «Түскен кездегі баламның жағдайы ауыр еді, бет аузы іскен. Дереу ота жасады, қазір жағдайы жақсы. Баламды аман алып қалған дәрігерлерге алғысым зор».

Дәрігерлерің сөзінше, бүйректегі дерттің салдырынан науқастың зәр шығару жолдарында кедергі болған. Нәтижесінде бүйрек жұқарып, жұмыс істеу қабілеті нашарлаған. Пациентті толық тексеріп шыққан мамандар күрделі ота жасап, зәр шығаратын аумағындағы кеңейіп кеткен астаушалырын пластикалық жолмен емдеген. Операциядан кейін науқаста бүйректің қызметі бірден жақсарды дейді мамандар.

Қайрат Ізбасов, Шымкент қалалық клиникалық балалар ауруханасының дәрігер-хирургі: «Астаушасына ота жасап, бүйрегін сақтап қалдық. Қазір бүйректің 70-80 пайыздай болып, қызметі жақсарды. Бұл ота жалпы наркозбен, ашық түрде жасалады. Зәр шығару жолын ешқандай кедерісіз өтуіне жол жасадық».

Мемлекет басшысы медицина саласын дамыту туралы берген тапсырмасы жергілікті жерде жоғары дәрежеде орындалып жатыр. Шымкенттік дәрігерлер біліктілігін жетілдіріп, бұрын соңды жасалмаған оталарды сәтті жүзеге асырып жүр.

Қалалық клиникалық балалар ауруханасында мұндай урологиялық ота алғаш рет жасалды. Науқастың қазіргі жағдайы жақсы. Ақ халаттылар пациенті алдағы апта ауруханадан шығаруды жоспарлап отыр. Айта кетейік, емдеу мекемесінде урологиялық төсек орындар ашылып, медициналық көмек көрсету үшін дәрігерлер арнайы оқытудан өткен.

 Лаура Нахыпқызы