Шымкент қаласы Полиция департаменті ЖПҚБ Патрульдік полиция полкінің «Жаңа шахар» стационарлық полиция бекетіне жергілікті тұрғын көмек сұрап келген.
Тұрғынның айтуынша көпқабатты тұрғын үйдің бесінші қабатынан белгісіз жасөспірімнің өз-өзіне қол жұмсамақ болып, шатырда отырғанын көрген. Аталған жайт ағымдағы жылдың 28-қыркүйек күні сағат 13:20 шамасында орын алған.
Бұл жағдайға бей-жай қарамаған тәртіп сақшылары дер кезінде оқиға орнына жетіп, шатырда отырған жасөспірімді сөзге тартып, қауіпсіздік шараларын жүзеге асырды. Осы оқиға полицейдің бейнежетонына жазылған.
Сондай-ақ полицейлер жасөспірімнің өмірін сақтап қалумен қатар, дәрігерлер мен психологты шақыртып, қажетті шараларды қабылдады.
Жедел іс-әрекеттің нәтижесінде, жасөспірімнің өмірін арашалап қалған полиция қызметкерлеріне жасөспірімнің ата-анасы және жергілікті тұрғындар алғыстарын білдірді.