Сенат отырысында қаражатты ысырап ету мәселесі талқыланды. Депуттаттардың айтуынша «СК Фармация» дәрі-дәрмектерінің бірыңғай дистрибьюторы 70 миллиард теңгеге жуық қаржыны тиімсіз жұмсаған. Сондай-ақ пайдасыз препараттар сатып алған көрінеді.

«СК-Фармация» компаниясы тағы да қаражатты жымқырды деп айыпталуда. Өйткені, былтыр құны 66 миллиард теңгені құраған дәрі-дәрмек тиімді пайдаланылмапты. Сенат отырысында айтылған бұл мәселе депутаттардың талқысына түсті.

Андрей Лукин, депутат: «Министрлік, бақылаушы органдардың мәліметтері бойынша, дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарға арналған шығыс бюджеттік өтінім негізінде жоспарланған. Онда пациенттер бойынша сандық көрсеткіштер болмаған немесе шамадан тыс көтерілген. 2020 жылы 39 дертке 65,9 миллиард теңге тиімсіз жұмсалды. Бұл бұзушылыққа алты дерт бойынша 26 миллиард теңге мөлшерінде толық қаржыландырылмау аясында жол берілген. Сондай-ақ, «СК-Фармация» ЖШС сақтау қоймаларында 2019-2020 жылдары 159 миллион теңгеге сатып алынған препараттар бар. Оларды қолдану мерзімі аяқталғандықтан жоюға тура келеді».

Сенатордың айтуынша, денсаулық сақтау министрлігі Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы кодекстің 76-бабына қарамастан, дәрі-дәрмектің шектік бағасын қымбаттатып отыр. Олар тауарды негізгі бағадан 1,5 милиард теңге жоғары бағаға сатып алынған.

«Бұл жағдай сатушылардың дәрі-дәрмек пен медициналық бұйымдарды бір-бірімен келісе отырып, қымбат бағамен сатуға мүмкіндік береді».

Құны 14 миллиард теңгеден асқан 16 дәрінің клиникалық әсері мүлде дәлелденбеген. Осы орайда депутат Денсаулық сақтау министрлігінен ақпараттық жүйедегі пациенттер туралы мәліметтердің өзектілігін және дұрыстығын қамтамасыз етуді сұрады. Өйткені, ол тиісті түрде есепке алу үшін маңызды екен.

«ҚР Денсаулық сақтау министрінің бұйрығымен 2020 жылға арналған бірыңғай дистрибьютерлер тізіміне бағасы 1,8 миллиард теңгеге көтерілген дәрілік заттардың 48 атауы бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізілді».

Депутат дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды әкелу қағидаларына толықтырулар енгізуді сұрайды. Және медициналық ұйымдар үшін дәрілік заттардың қажеттілігін айқындау жөнінде бірыңғай қағидалар әзірленсін деп отыр. Сондай-ақ халық қалаулылары Каспий теңізінің қорғалуына қатысты заң жобасын қолдады. Яғни, Қазақстан Каспий теңізінің биологиялық алуандығын сақтау жөніндегі хаттамаға қосылды. Құжатқа сәйкес, флора мен фаунаға нұқсан келтіретін әрекеттерге тыйым салынады. Мәселен, қорғауға алынған жануарларды аулау процесі қатаң бақылауға алынбақ.

Мәулен Әшімбаев, ҚР Парламенті Сенатының төрағасы: «Каспий теңізінің биологиялық алуандығы мен экожүйесін сақтау еліміз үшін стратегиялық мәселелердің бірі. Осы ретте бүгін қабылданған заңның маңызы зор. Сондықтан бұл құжат теңіз жағалауындағы 5 мемлекеттің осы бағыттағы ынтымақтастығын күшейтіп, Каспийдің экожүйесін сақтауға өз үлесін қосады деп сенеміз».

Заң жобасын әзірлеу алдында Каспий маңындағы мемлекет басшыларының келісімі жүргізілген еді. Жаңа хаттама бойынша, экожүйеге зиян келтіруі мүмкін қалдықтар мен басқа заттарды көмуге немесе орналастыруға қатаң тыйым салынады.

Мөлдір Ибадуллаева