«Балалар кардиохирургтары жетіспейді»

188

Қазақстанда кардиохирургтар өз дәрежесінде бағаланбайды. Кесірінен талантты жастар жауапты жұмыстан бас тартуда. Осылай деген жоғары палата өкілдері бүгін үкімет басшысына сауал жолдады. Нұртөре Жүсіптің айтуынша білікті мамандардың айлығы мен дәрежесі көтерілмейінше елдегі хирургияның деңгейі өспейді.

Қазақстанда бір жыл ішінде 18 жасқа толмаған 2000-ға жуық азамат жүрегіне ота жасалды. Бұл туралы Сенаттың кезекті отырысында айтылды. Сенатор Нұртөре Жүсіптің сөзінше соңғы жылдары жүрегіне шағымданатындар көбейген. Бірақ, оны емдейтін дәрігерлер тапшы боп тұр. Мұның себебін депутат хирургтардың бағаланбауынан көреді.

Нұртөре ЖҮСІП, ҚР Парламенті Сенатының депутаты: «Неондерталды хирургияда жұмыс істейтін мамандардың жұмысы өте ауыр. Операция жасау барысында хирургтар көп жағдайда өз беттерінше шұғыл шешім қабылдайды. Ал, бұл үлкен жауапкершілік. Жалақысы төмен, жауапкершілігі жоғары болған соң жас кардиохирургтар бұл мамандық бойынша тұрақтап жұмыс істемейді».

Халық қалаулылары мүмкіндігі шектеулі азаматтар жағдайын да ортаға салды. Сөздерінше елдегі мүгедектердің мемлекеттік бағдарламамен үй алуы ақыретке айналған. Мәселен, 2017 жылы үй кезегінде 53 968 мүгедек тұрса, қазір 66 195-ке көбейген.

Нариман ТӨРЕҒАЛИЕВ, ҚР Парламенті Сенатының депутаты: «Қоғамдағы ең осал топтардың бірі мүгедек жандар. Олардың көбі баспанаға мұқтаж. Сондықтан мүгедектерге арналған тұрғын үй қорын ұлғайту қажет. Өкінішке орай, қолданыстағы заң нормалары мәселені толық шешуге мүмкіндік бермеуде».

Сенат отырысында отандық құс фабрикаларының да тағдыры талқыланды. Депутат Сұлтан Дүйсенбинов құс өнімдерінің бағасы аспандап кетті деп дабыл қағып отыр. Және сала кәсіпкерлерінің көбісі тақырға отырғанын айтып, Үкімет басшысына сауал жолдады.

Сұлтан ДҮЙСЕНБИНОВ, ҚР Парламенті Сенатының депутаты: «Тіпті кейбір отандық құс фабрикалары жабылудың алдында тұр. Есесіне елімізге құс етінің негізгі бөлігі Ресей мен Беларусь елінен келуде. Осындай күрделі жағдайға түскен отандық құс өндірушілерге қолдау көрсету мақсатында Үкімет тиісті шараларды қабылдап, жағдайды тұрақтандыру жолдарын қарастыру керек».

Айта кетейік, сенаттың кезекті отырысында дипломаттарға қойылатын  талап қатаңдатылды. Енді дипломаттар мемлекеттік тілді ғана емес, шет тілін де білуге міндеттеледі. Сондай-ақ, елшілер құқықбұзушылық жасаса дәрежесімен қоса өзі де жұмыстан босатылатын болады.

Назерке Үкібасова