Айтбай Дүйсебаев: «Әділдік орнады»

81

Өзіне тиесілі баспананы қайтаруда табандылық көрсеткен Айтбай Дүйсебаев мақсатына жетті.

Шымкент қалалық сотының Азаматтық істері жөніндегі сот алқасында  саяжайдағы тұрғын үйді иеленіп алған жауапкерден баспананы босатып, иесі Дүйсебаевқа беру жөнінде Қаратау аудандық сотының шешімін өзгеріссіз қалдырды.

Шымкент қалалық сотының Азаматтық істер жөніндегі сот алқасында бірінші сатыдағы сот шешімімен келіспеген Гүлжан Мамырованың шағымы бойынша іс қаралды. Азаматша Қайнар саяжайындағы тұрғын үйдің иесі Айтбай Дүйсебавқа тиесілі үйді босатып беру жөнінде Қаратау аудандық сотының шешіммен келіспей, аппеляциялық сотқа шағымданып отыр.

Гүлжан Мамырова, талапкер: «Бұл үйді  сатып алды дейді. Мен құжаты жоқ үйді не істеймін сатып алып. Мен үйді ретке келтіріп, электр жарығын барлығын кіргізіп реттеген едім…».

Талап иесі Айтбай Дүйсебаев «жұбайын өлтірді» деген айыппен өмірінің 6 жылдан астам уақытын темір тордың арғы жағында өткізген. Үйі сатылып кеткенін, бостандыққа шыққаннан соң бір ақ білген. Ал ұлы мен қызы балалар үйінде тәрбиеленген. Екі тарапты мұқият тыңдап, қолдарында бар құжаттарының заңдылығын тексерген аппеляциялық алқа соты, Айтбай Дүйсебавқа тиесілі үйді босату жөніндегі үкімді күшінде қалдырды.
Ғалым Ертаев, Шымкент қалалық сотының азаматтық істер жөніндегі судьясы: «ҚР Азаматтық Кодексінің 420, 424 баптарының 1 тармақшасын басшылыққа алып, сот алқасы қаулы етті. Шымкент қаласының Қаратау аудандық сотының 2021 жыл 16 шілдедегі шешімі өзгеріссіз, аппеляциялық шағым қанағаттандырусыз қалдырылсын. Қаулы жария етілген күннен бастап күшіне енеді».

Қаулы 5 жұмыс күнінде дайындалып тараптарға жіберіледі. Үкіммен келіспеген жағдайда, тараптардың ҚР Азаматтық Кодексінің 436,440,441 баптарын сақтай отырып, Қаулы заңды күшіне енген күннен бастап 6 ай ішінде ҚР Жоғарғы Сотына кассациялық тәртіппен дау айтуға өтініш хат беруге құқылы екенін төраға атап өтті. Ал осы күнге дейін тұрғылықты жері жоқ адамдарға арналған әлеуметтік бейімдеу орталығында тұрып келген Айтбай Дүйсебаветың өз айтары бар.

«2019 жылдан бері әділ шешім шығады деп сендім. Ия көңіл күйімді жеткізу қиын. Қуаныштымын» деп көзіне жас алды  Айтбай аға.

Айтбай Дүйсебав, сот ғимаратынан шыққан бойда қызына хабарласып, қуанышымен бөлісті: «Қызым, сот болды. Үйді алдық. Мақсатқа айт алып кетемін. Саяжайдағы мектепте  оқисыңдар».

Тағдырдың тауқыметіне мойымай балаларына мейірімін жеткізуге асыққан Айтбай Дүйсебаветың баспанасына қоныстануы туралы алда айтатын боламыз.

Шынар Оразова