Алматы облысының Панфилов ауданы Пенжім ауылында жаппай төбелес болып, бір жасөспірім ауруханаға түсті. Алматы облысының полиция департаментінің мәліметінше, аудандық орталық емханаға 16 жасар жасөспірім дене жарақатымен келіп түскен.
Тексеру барысында 9 және 10-сыныпта оқитын екі оқушының арасында ауызша дау-дамай туып, оның соңы оқушылар арасындағы төбелеске ұласқаны және оның салдарынан жасөспірімнің зардап шеккені белгілі болды.
Аталған факті бойынша ҚР қылмыстық кодексінің 106-бабының 2-бөлігі негізінде қылмыстық іс тіркелді, жанжалға қатысушылардың барлығы анықталды. Қазіргі уақытта жағдай тұрақталып, тәртіп сақшыларының бақылауында.
Әлихан Файзханов