Ешкім де ұмытылмайды, ешнәрсе де ұмыт қалмайды

97

Шымкентте Халықаралық Қарттар күніне орай қаладағы Ауған соғысы ардагерлеріне қаржылай көмек көрсетілді. Аталған «Ардақты ардагер» қайырымдылық акциясын Ресей Федерациясының Қазақстандағы елшілігі жанындағы қорғаныс мәселелері жөніндегі Атташе аппараты мен Қазақстандағы Ауған соғысы ардагерлері Одағы бірігіп ұйымдастырды.

Бұл қайырымдылық іс-шарасында ұйымдастырушылар Ұлы Отан Соғысы мен Ауғанстан соғысы ардагерлеріне біржолғы қаржылай көмек көрсетті. Айтулы шараға соғысқа 17 жасында аттанған Қадыр Атажанов арнайы қатысып, жас буынға өзінің ризашылығын білдірді.

Қадыр Атажанов, Ұлы Отан Соғысы ардагері:  «Қазіргі уақытта мен зейнеткермін. Әрқашан маған қолдау білдіретін жақындарыма алғысым шексіз. Маған мейрам күні өңір мектептері, түрлі қоғамдық ұйымдар жылы лебізін айтып келеді».

Майдангерлерге ақшалай көмек көрсету идеясын елдегі Ресей елшілігінің өкілдері ұсынған. Сонымен қатар, шараның жүзеге асуына Ауғанстан соғысы ардагерлері одағы қолдау білдірді. Ұйымдастырушылар осындай қаржылай көмек біршама ардагерлерге демеу болатынын жеткізді.

Шәріпбай Өтегенов, Қазақстан Республикасының жергілікті және Ауғанстан ардагерлері одағының төрағасы: «Әуелде бұл қайырымдылық акциясын майдангерлерге азық-түлік тауарлары тарату түрінде өткізгіміз келген. Кейіннен майдангерлерге ақшалай көмек ұсынуды жөн көрдік. Бұл көмек көптеген майдангерімізге қаржылай демеу болып, көмегін тигізеді деп ойлаймыз. Сонымен қатар, бұл шара бұрынғы посткеңестік елдердің бауырластық, достық-қарым-қатынасын нығайтуға сеп болады».

Осы лектегі қайырымдылық акциясы бүгінде Нұр-Сұлтан, Павлодар, Солтүстік-Қазақстан және Қарағанды облыстарында болып өтті. Бүгінде қайырымдылық шарасы аясында 100-ден астам Шымкентттік ардагерге жүз мың теңге табыс етілді.

Евгений Александров, Қазақстандағы Ресей Федерациясының Елшілігінің Әскери атташесінің көмекшісі: «Аталған акцияны өткізу пандемия кезіндегі экономиканың асқыну аясында қабылданды. Шараның негізгі мақсаты – жас ұрпаққа Отанға деген адал қызметтің ерен үлгісін көрсету, ардагерлердің ерлігін насихаттау, адал қызметі үшін тағзым ету».

Бүгінгі таңда жалпы Шымкент бойынша көзі тірі 700-ге жуық ауған соғысы ардагері мен 17 Ұлы Отан соғысы ардагері қалған.

Диана Біржанова