Халықаралық және қазақстандық онкологтар мен радиологтар Түркістанда бас қосты

158

Әлемнің үздік онкологтары мен радиологтары Түркістан қаласында бас қосты. Екі күндік шара аясында заманауи онкологияның өзекті мәселелері кеңінен талқыланды. Халықаралық маңызы зор шара жоғары деңгейде ұйымдастырылды.

Медицинада шектеу жоқ. Түркістан қаласында өткен онкололгтар мен радиологтардың сегізінші съезіне Франция, Испания, АҚШ сынды жетекші елдерден келген білікті профессорлар қатысты. Халықаралық маңызы зор шарада медицина мамандары шет елдік әріптестерінен тәжірбие алмасуға зор мүмкіндік алды.

Халықаралық съездің ашылу салтанаты офлайн және онлайн түрде өтті. Шара барысында Еуропаның жетекші елінен келген дәрігерлер онкология саласындағы тиімді емдеу жұмыстары бағытындағы тәжірибемен бөлісті. Еліміздің бас онкологы, мұндай үлкен шаралар отандық медицинаның дамуына үлкен үлес қосады дейді.

Диляра Қайдарова, Еліміздің бас онкологы м.ғ.д. Ұ.Ғ.А. академигі: «Съездің ұтымды әрі ерекше өтуі үшін барлық мүмкіндікті қарастырдық. Бұл бас қосуда біздің дәрігерлер онкология саласындағы әлемде болып жатқан емдеу жұмыстарымен таныса отырып, біліктілігін арттыруда. Тәжірбие алмасып қана қоймай, еліміздің дәрігерлер біздің саладағы жетістіктерді де дәріптеуде. Сондай-ақ медицинасы қарқынды дамыған үздік елдегі әріптестерімзбен іскерлік әрі достық байланысымызды нығайту да бұл шараның негізгі мақсаты».

Съезге қатысушы профессорлардың айтуынша, Қазақстандағы жалпы медицинада, оның ішінде онкологиялық емдеу жұмыстарында үлкен ілгерілеу бар.

Майя Джугашвили, Мадрид қаласынан келген радиолог: «Бұрын он жыл алдын Қазақстандағы емдеу жұмыстарында үлкен айырмашылық бар еді. Он жылдан кейін өзгерісті айтатын болсақ, қазіргі бұл елдегі емдеу хаттамасы шетелдіктермен бірдей. Мұндағы мамандар да әлемнің озық елдеріндегі тәсілдерді қолданады. Тағы айта кетерлігі, науқастарды емдеу үшін соңғы жылдары қажетті жабдықтардың көбісі сатып алынғаны байқадық».

Грузиядан келген маман, қатерлі ісікті емдеуге ғана емес, оның алдын алуға да көп көңіл бөлу қажет дейді . Оның айтуынша, жатырдың қатерлі ісігі дертінің алдын алуда вакцина таптырмас мүмкіндік.

Дина Курдиани, Грузиядан келген онкогинеколог: «Біздің Грузия елінде 7 мен 12 жас аралығындағы қыз балаларына вакцина салынады. Бұл арқылы біз жатырдың қатерлі ісігінің алдын аламыз. Бүгінде Грузиядағы қыз балалардың 40-пайызы осы вакцинаны салған. Соның арқасында он жылдан кейін Грузияда жатырдың қатерлі ісігі мүлдем болмайды. Қазір біз қазақстандық окнологтармен осы вакцинаны сатып алу үшін келіссөздер жүргізудеміз».

Шара барысында шымкенттік онкологтар да шетелдік әріптестері алдында емдеудегі ғылыми жұмыстарын таныстырып, тәжірибемен бөлісті

Қазақстанда онкология саласын дамытуды әлі де жандандыру қажет. Мамандар осы мақсатта ауруды ерте анықтаудағы профилактикалық текесерулерге аса мән беруді көздеп отыр. Айта кетейік, әлемнің үздік онкологтары мен радиологтары қатысып жатқан шара үш күнге созылады.

Лаура Нақыпқызы