Ханқорған – ашық аспан астындағы музейге айналады

153

Түркістан облысында еліміздің тарихы мен мәдениеті үшін айрықша маңызы бар сәулет және археология ескерткіштерінің үлкен шоғыры орналасқан.

Тарихымызды түгендеп, тамырымызды танып, білуде халықтың өткен тарихынан нақты мағлұмат беретін археология ескерткіштерінің алар орны ерекше. Солардың бірі – Сайрам ауданындағы Ханқорған қалашығы. Көне қалашықта алдағы уақытта толық археологиялық қазба, реставрация және консервация жұмыстары жүргізіліп, ашық аспан астындағы музейге айналады. Хан Абылай өмірінің соңында ғұмыр кешкен Ханқорған қалашығы Сайрам ауданы Ханқорған ауылынан жарты шақырым қашықтықта, батыс бөлігінде орналасқан.

Осыдан бірнеше жыл бұрын Ә.Марғұлан атындағы Архелогиялық институтының экспедициясы Ханқорған қалашығында «Халық тарих толқынында» және «Қазақстанның ежелгі және ортағасырлық тарихы археологиялық зерттеулер тұрғысынан» тақырыбы аясында зерттеу жұмыстарын жүргізіп, таңқаларлық жаңалық ашқан болатын. Ғалымдар қалашық ХІ–ХІІІ ғасырларда пайда болған деп болжам жасады. Қалашық негізгі үш бөліктен тұрады. Олар: Ішкі қамал, Шахиристан және Рабат деп аталады. «Түркістан облысындағы көне қалалар орта ғасырларда Ұлы Жібек жолының бағытындағы сауда мекендері ретінде пайда болғаны мәлім.

Сол кездегі барлық қалалардың орталығында міндетті түрде мешіт болғанын байқадық. Ал моншалар шамамен Х-ХІІ ғасырларда салынған. Қоғамдық құрылыстар қатарында моншалар маңызды орында. Мысалы, Отырардың рабадында ХІ-ХІІ ғасырлар аралығында салынған 2 монша табылды.
Осыған ұқсас моншалар Ханқорғанда да бар»

Ә.Марғұлан атындағы археология институтының директоры, тарих ғылымдарының докторы, академик Бауыржан Байтанаевтың айтуынша, қалашықтағы моншалар шаршы кірпіштерден тұрғызылған.

Олардың қалыңдығы – 90 сантиметрді құрайды. «Қабырғалары төрт қатарға тізбектелген. Өзінің құрылымы, конструкциясы және табылған заттары бойынша ол қалалық моншаға қатты ұқсайды», – дейді академик. Бұған керамикалық құбырлардан тұратын кәріздендіру жүйесінің, су жинағыштың, жуынуға арналған екі ыдыстың, демалуға арналған бөлменің болғаны дәлел.

QAINAR KÓZСайрам ауданы әкімінің баспасөз қызметі