«Мұқағали»: 21 қазаннан бастап барлық кинотеатрда

246

Шымкентте «Мұқағали» көркем фильмінің тұсаукесері өтті. Ақиық ақынның 90 жылдығына арналған киноның түсірілімі 1 жылға созылған. Ақынның өмірі Алматы қаласында өткенімен, киноның басым бөлігі Өскеменде түсіріліпті. Оның себебі неде? Бұл идея 13 жыл бұрын келді деген режиссер басты рөлді кімге сеніп тапсырды?

Бұл қазақ тілінің әдемілігін өзге ұлт өкілдеріне ұқтырған Мұқағали Мақатаевтың құрметіне түсірілген кинофильм. 1 жылға созылған түсірілімнің нәтижесін алғаш болып шымкенттіктер тамашалай алды. Яғни, фильмнің тұсаукесері үшінші мегаполисте өтті. Алайда кинодағы оқиғалар Алматы, Өскемен, Семей және Санк-Петербург қалаларында өрбиді.

Бұл идея 13 жыл бұрын келді деген кино режиссері түсірілімнің оңай болмағанын айтады. Олар ескі Алматыны көрсету үшін еліміздің түкпір-түкпірін аралапты. Әрі басты рөлге актер таңдау да оңайға соқпаған көрінеді. Себебі, фильмде Мұқағалидан өзге де танымал тұлғалардың образдары бар.

Болат Қалымбетов, кинорежиссер, ҚР еңбек сіңірген қайраткері: «Фильмде оқиғаның барлығы Алматыда өрбиді ғой. Ал енді бүгінгі Алматыны көрсеңіз ол келмейді сексенінші жылдағы Алматыға. Бәрі пластика, трамвай жоқ. Содан біз Қазақстанның барлығын аралап Өскеменге тоқтадық. Онда осы Алматыға ұқсас жер бар екен. Мұнда Мұқағалидан басқа Бауыржан атаның образы бар. Фариза апайдың образы бар. Нұрғиса Тілендиевтің образы бар. Сосын Мұқағалидің жұбайы Лашын апай бар».

Мұзбалақ ақынның рөлін сомдау үшін Асланбек Жанбалаев таңдалыпты. Ақындыққа бір табан жақын оның бет-пішіні де Мұқағалиға ұқсайды екен. Бұл күтпеген ұсыныс болды деген театр әртісі киноәлемінде алғаш рет басты рөлді сомдадым дейді.

Асланбек Жанбалаев, актер: «Ішінде оңай эпизод жоқ. Себебі ол кісінің тағдырының, өмірінің өзі сондай бір қиын. Өмірі қысқа болса да, қиын өмір сүрген. Әсіресе мына ішінде қызымен қоштасқан сахналары болады. Сол маған ауыр тиді. Менің өзімде бір ұлым, екі қызым бар. Аллаға шүкір, мен жоғалтып көрген жоқпын ғой. Мен оны сезініп көрген жоқпын».

Айта кетейік, ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің тапсырысы бойынша түсірілген «Мұқағали» көркем фильмі 21 қазаннан бастап Қазақстанның барлық кинотеатрларында көрсетілетін болады.

                                                                                                    Мөлдір Ибадуллаева