Нарық: Баға шарықтап барады

119

Нан бағасы осы аптада тағы да біршама қымбаттады. Көтерме сауда орындарының өзінде баға шарықтап тұр. Кәсіпкерлер оны дизель отыны мен биылғы астықтың бағасының күрт өсіп кетуімен байланыстыруда. Салдарынан күнделікті тұтынатын өнімдердің бағасы көтерілген.

Сауда нысандарында азық түліктің қымбаттағаны бірден байқалады. Осыған дейін қыз-қыз қайнап, ине шаншар орын таппайтын көтерме сауда орындарында қазір адам көп емес дейді тұрғындар. Мұны осындағы жеке кәсіпкерлер бүкіл өңірлерде бағаның шарықтауымен түсіндіреді. «Осы аптада келген өнімдердің бағасы біршама өскен. Ұн, құмшекер жаңа бағамен сатылуда», – дейді Бақытжан Әйменов.

Бақытжан Әйменов, сатушы: «Бұл аптада түскен тауарлар жаңа бағамен  келіп жатыр  1 ші сорт ұн 7 800 теңге, жоғары сұрып ұн, қабы- 9,800, 20 пайызға өскен. Құмшекер фирмадан 302 теңгеден келеді үстінен 2 теңге қоямыз 307 саудалап жатырмыз. Бензин дизель отыны қымбаттағандықтан барлығы қымбаттап жатыр».

Шымкенттіктер күнделікті тұтынатын өнімдердің бағасы шарықтап барады дейді. Жиын терім кезінде баға осындай болса алдағы қыс пен көктемде не болмақ деп ашынады зейнеткерлер.

Жаппар Дүйсенқызы, қала тұрғыны: «Барлығы қымбаттаған. Базарға кіріп шықтым көтерме бағаның өзінде баға 60-70 теңгеге көтерілген. 8 мыңға күріш, құмшекер, май алдым. Үкімет араласып бағаны арзандатпаса болмайды».

Галина Агушева, қала тұрғыны: «Мен қазіргі бағадағы көп өнімдерді сатып алуға қауқарсызбын. Ең қымбаттаған сүт өнімдері. Май, ет, жеміс жидек, көкөністің бағасы күрт өскен. Біз оңтүстік өңірінде тұрып, солтүстіктегідей бағамен сатып алып жатырмыз Не деген сұмдық».

Жауаптылар үкімет қол қусырып отырған жоқ. Бағаны тұрақтандыру бағытында жоспарлы жұмыстар атқаруда дейді. Бюджет қаржысы қаладағы ірі сауда орындарына аударылып, олар өз кезегінде үкімет бекіткен 19 әлеуметтік маңызы бар тауарларды белгіленген бағамен сатуда. Мәселен, макарон өнімдері, күріш базардағы бағадан төмен. Құмшекердің бағасы бөлшек саудадағы бағамен тең. Күнбағыс майының ең төмен бағасы 3 707. Астық бағасының бірден күрт шарықтауы ұнның, ұн өнімдерінің бағасына кері әсер етіп отыр. Ірі сауда орындарының бірінде бұрынғы қалыпты нан енді жаңа атаумен сұрыпына қарай аптаның басында қымбаттапты. Ақ бөлке нан 95 теңге болса, қарасы 99 теңге. Айта кетейік, Шымкент қаласында нанның бағасы өзге өңірлерге қарағанда едәуір арзан.

«Бағаның барлығы көтерілді. Көтерілмеген ештеңе қалмады ғой» дейді  қала тұрғыны
Олимпиада Тұрғанбаева.

«Ауылдан жеткізілетін табиғи сүттің бір литрі 200-250 теңгеден сатылуда. Зейнетақымыз сол баяғы қалпында. Адамдар бұрын қаппен алса, қазір бір-екі келіден алады»,-дейді Назира Омарова.

Күн санап шарықтап бара жатқан бағаға қорқынышпен қарап, ертеңіне алаңдап отырған тұрғындар, «Бағаны нарықтың өзі реттейді деген ұғым қалталылардың ойлап тапқан айласы, өзімізде өндірілетін өнімдердің бағасы неліктен қымбат. Оны реттейтін билік бар ма?» деп ашынады.

Шынар Оразова