Шымкент қаласында екі жаңа «Smart» аялдама орнатылды. Енді жолаушылар автобусты кондиционері бар, тегін интернетпен қамтылған жайлы аялдамаларда күтетін болады. Мұнда қаланың картасы мен маршрут бағыттары көрсетілген тақтайша да орнатылған.
Жергілікті билік өкілдерінің айтуынша, бұл жоба толығымен жергілікті инвестор қаражаты есебінен жүзеге асуда. Бір аялдамаға жұмсалған қаржы көлемі 8 миллион теңгені құрап отыр.
Рашид Мыңбаев, Әл-Фараби ауданының әкімі: «Газеттерге хабарландыру жарияладық. Заңға сәйкес, осындай аялдамалар инвестор есебінен соғылады, оған сауда-саттық орындары болады деп, меценаттар іздедік. Бұл жарнама бір ай тұрды. Нәтижесінде ұсыныс танымал кәсіпкерлерден түсті. Олар көлік көп жүретін жерден аялдаманы соғып берейін, халықтың сауабын алайын деген шешімге келді. Келісімшартқа сәйкес, аялдама бес жылға беріледі. Жері де бес жылға уақытша пайдалануға беріліп отыр».
Инвестициялық жобаның нәтижесінде бой көтерген 2 аялдама қаладағы оқу орындарының жанына орнатылды. Тұрғындардың қауіпсіздігі үшін бейнебақылау камералары қойылды. Олар қалалық Полиция департаментінің шұғыл орталығына қосылған.
Айта кетейік, жыл соңына дейін қаланың ішіне тағы осындай соңғы үлгідегі 8 аялдама салу жоспарланып отыр.
Айнұр Бекасанова