Түркістан: Экс-депутатқа қатысты сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде

62

Түркістан қалалық полиция басқармасында экс-депутатқа қатысты ҚР ҚК 293-бабы «Бұзақылық» бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Бұл туралы Түркістан облыстық Полиция департаментінің баспасөз хатшысы Салтанат Қарагөзова өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында хабарлады.

Естеріңізге сала кетейік, 17 қазан күні сағат 1.00-де Түркістан қалалық полиция басқармасының 102 пультіне Түркістан қаласының ойын-сауық мекемелерінің бірінің қызметкері көмек сұраған болатын.

Оқиға орнына бірден полиция экипажы шықты. Олар оқиға орнына келген бойда ер адамның жергілікті тұрғын екенін және төлем жасаудан бас тартып, жанжал шығарғанын анықтады.

Сондай-ақ ер адамның бұрын қалалық мәслихаттың депутаты болғандығы және ағымдағы жылдың наурыз айында өкілеттігін тоқтатқаны да анықталды.
Жиналған материалдарды учаскелік полиция инспекторы қалалық полицияның анықтау бөліміне жіберді.

Қазіргі уақытта Түркістан ҚПБ анықтаушылары ағымдағы жылдың 18 қазанында келіп түскен мейрамхана әкімшісінің арызы бойынша ҚР ҚК 293-бабына сәйкес сотқа дейінгі тергеуді жүргізуде. Тергеу нәтижесі бойынша заң аясында процессуалдық шешім қабылданатын болады.

Іс Түркістан облысы ПД басшылығының бақылауында.