Үкімет басшысы: «Жыл өткен сайын суға деген қажеттілік арта береді»

38

ҚР Премьер-Министрі Асқар Маминнің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында каналдар мен су қоймаларын салу және реконструкциялау мәселесі қаралды. Елімізде су тапшылығын шешу үшін қандай жұмыстар атқарылып жатыр? Үкімет басшысы ауыл шаруашылық министрлігіне қандай тапсырма берді? Түркістан облысындағы ахуал қандай?

Түркістан облысында су тапшы. Бұл туралы Үкімет отырысында баяндама жасаған облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев мәлімдеді. Күнгей өңір жыл сайын 610 млн. м3 суды қажет етеді. Ал облыстағы жалғыз бөген су қоймасынан бір жылда 403,2 млн м3 ғана су түсетін көрінеді. Яғни, 200 млн м3 су дефицит деуге болады.

Осы мәселені шешу мақсатында Түркістан магистральді каналын жөндеп жатырмыз дейді аймақ басышысы. Құрылысы аяқталса 60 млн су үнемделетін көрінеді. Сондай-ақ Жетікөл көлдер жүйесін жаңғырту арқылы да біршама мәселе шешілуі мүмкін.

Өмірзақ Шөкеев, Түркістан облысының әкімі: «Су тапшылық мәселесі бар екенін жақсы біледі мамандар. Оның себебі Түркістан қаласы бұрыннан Бөген су қоймасынан жалғыз канал арқылы суландырылады. Ол қойманың сыйымдылығы 403,2 млн м3 . Ал ол су жетпейді. Бірақ осы жобалар арқылы ол мәселелерді түбегейлі шешуге болады. Оған біз толық сеніммен айта аламыз».

Алдағы бес жылда 2,3 мың км ұзындықтағы 120 канал реканструкциялаудан өтіп, 9 ірі су қоймасы салынады. Осылай деген Үкімет басшысы Асқар Мамин 2025 жылға дейін суармалы жерлердің ауданын 2,2 млнға, ал 2030 жылға дейін 3 млнға дейін кеңейту қажет екенін еске салды.

Сонымен қатар, суға деген қажеттілік жыл сайын арта түсетінін жеткізген премьер министр жаңа технологияларды қолдану қажет дейді.

Асқар Мамин, ҚР Премьер-Министрі: «Бүгінде халық пен экономика салалары үшін су алудың жалпы көлемі шамамен 25 текше км құрайды. Жыл өткен сайын қажеттіліктер арта беретін болады және бұл суды тиімді пайдалануды, ең жаңа технологияларды енгізуді, саланы цифрландыруды талап етеді. Тек автоматтандырылған бөлу мен тасымалдау есебінен судың артық жұмсалуы жыл сайын 1,2 текше км-ге қысқарады».

Үкімет басшысы Ауыл шаруашылығы министрлігіне суды көп қажет ететін дақылдар – күріш пен мақтаның егістік жерлерін кезең-кезеңімен азайту мәселесін пысықтауды тапсырды.

 Мөлдір Ибадуллаева