Шымкент қалалық тергеп-тексеру департаменті Әл-Фараби ауданында орналасқан заңсыз ойын бизнестеріне тексеру жүргізді. Жыл басынан бері мұндай 18 фактіне анықтадық деген департамент өкілдері бүгінгі рейд барысында қандай заң бұзушылық анықтады?
Бұл заңсыз ойын бизнесіне қатысты рейд жүргізіп жүрген тергеп-тексеру департаментінің өкілдері. Айтуларынша үшінші мегаполисте заңды деп танылған «Лотоматик» ойын терминалының 477-і жұмыс істейді екен. Яғни, олар мемлекетке салық төлейді де түрлі ойындарды ақшаға ойнатады.
«Стоп ойын» жедел-алдын алу шарасы заңсыз ойын бизнесін жоюға арналған. Алайда рейдтік құрам тек тіркелген терминалдарға ғана тексеріс жүргізді. Бұл әрекетін түсіне алмаған БАҚ өкілдерінің сұрағына да толық жауап бере алмады. Есігіне қара құлып салынған, бірақ жарнамасы бар өзге ойынхананы тіпті елеген де жоқ.
Біз сұраған соң департамент өкілдері қаладағы өзге ойын оратлықтарын тексереміз деп бекінді. Бірақ ол да салық төлеу арқылы әрекет ететін лоторея клубы екен. Тексерушілер мұның да ішінде заңсыз жұмыс жасап жатқандар болуы мүмкін дегенімен, оның заңдылығын қалай анықтаудан хабары жоқ көрінеді.
Өзі айтақан құжаттан ештеңе таппаған маман, сөзін лоторея клубын ашуға шектеу жоқ деп қорытты.
«Ол жерде шектеу жоқ. Қанша компьютер болса да қоя береді. Бір лицензия алады. Сіз өзіңіз келесіз. Лото клуб ашамын дейсіз де мемлекеттен лицензия аласыз. ЖК болып тіркелесіз де мемлекетке салығыңызды төлейсіз», дейді маман.
Қалалық экономикалық тергеп-тексеру департаменті бүгінгі рейд барысында жұмыс істемей тұрған терминал үшін иелеріне ескерту қағазын берді. Ал жыл басынан бері заңсыз 18 ойын бизнесін анықтап, оның 16 -ын сотқа жіберіпті.
Жұпар Мамутова, Шымкент қалалық экономикалық тергеп-тексеру департаментінің өкілі: «Сонымен қатар, заңсыз айналымнан заттай дәлелдемелер ретінде саны 122 дана жүйелік блок, 116 монитор, 11 мононблок, 8 теледидар, чек сканерлері 4, принтер 6, 21 ойын терминалдары тәркіленді».
Айта кетейік, лоторея клубында және лотореялық терминалдарда 21 жасқа толмаған жасөспірімдерге ойнауға болмайды. Тіпті барлық құрылғы ресми тіркелген болса да, мекеме иесіне 200 АЕК көлемінде айыппұл салынады екен. Бұл шамамен 583 мың теңгені құрайды.
Мөлдір Ибадуллаева