Жалған құжат жасаған екі шымкенттік педагог сотталды

99

Шымкент қалалық білім басқармасының бас маманы мен орта мектеп директорының бірі сотталды. Әл-Фараби ауданының судьясы біліктілігін арттыру туралы жалған куәлік жасаумен айналысқан оларды 4 жыл мен 7 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығынан айырды.

Естеріңізде болса бұған дейін де жалған сертификат алған 300 -ден астам шымкенттік мұғалімнің ісі дауға айналған еді. Сала жауаптыларының айтуынша олар мемлекетке 210 миллион теңгеден астам зиян келтірген.

Алаяқтық, пара беруге итермелеу, бірнеше рет пара алу, бөтеннің мүлкін иемдену және жалған қызметтік құжат жасату. Шымкентте №96 орта мектептің директоры сотталды. Мұнымен қоса қалалық білім басқармасының бас маманының үстінен қылмыстық іс қозғалды. Әл-Фараби аудандық сотында екеуіне де үкім шығарылды.

Сәбит Төреханов, Шымкент қаласы Әл-Фараби аудандық сотының судьясы: «Олардың кәмелетке толмаған балалары бар, бұл жағдайда материалдық шығын жоқ, ол өтелді. Сот қалалық білім басқармасының маманын 4 жылға, ал директорды 7 жыл 6 айға бас бостандығынан айырды».

Тергеу изоляторында отырған мектеп директоры сот үкімін онлайн форматта естіді. Ал кепілдік қалдырған екінші күдікті бостандықта жүр еді. Оны дәл сот залында қамауға алды. Дегенмен қалалық білім басқармасының бұрынғы маманы бұл үкіммен келіспейтінін жеткізді.

«Олар істі объективті қарады дейді, бірақ ол қалай? Мен мемлекеттік қызметте ұзақ уақыт жұмыс істедім. Мемлекет маған осылай ризашылығын білдірді. Әділетсіз шешім», дейді ол.

Естеріңізде болса 300 -ден астам шымкенттік мұғалімнің мәселесі бұған дейін де қоғам арасында үлкен дауға айналған еді. Қала мектептерінің ұстаздары 2018 және 2019 жылдары жалған аттестаттау серификатын жасатқан және «біліктілігін арттырғаны үшін» деген жалған құжатпен үстемақы алып келген.

Педогогтардың бұл заңсыз әрекеті әріптестерінің шағымынан кейін әшкере болған. Тексеріс нәтижесінде ол мұғалімдер тестілеу орталығына тіпті келмегені анықталған. Яғни, сертификатты сатып алған. Бұл қызмет олардың қалаған санатына байланысты 10 мыңнан 60 мың теңгеге дейінгі аралықта бағаланыпты. Бүгінде барлық айыпталушылардан 2 миллион 255 мың теңге қаржы қайтарылды дейді сала жауаптылары.

Сәбит Төреханов, Шымкент қаласы Әл-Фараби аудандық сотының судьясы:
«Аттестаттау куәлігі болғандықтан олар жалақысынан бөлек қосымша ақы алып келген. Және бұл ақша мемлекеттік бюджеттен төленді. Қылмыстық іс бойынша келтірілген зиянның жалпы соммасы 210 миллион теңгеден асады. Қазіргі таңда негізсіз, яғни артық төленген бұл қаржы мемлекетке қайтарылды».

Жауаптылар бұл мұғалімдерді жұмыстан шығармаймыз деп шешім қабылдады. Олардың кейбірі тестті қайта тапсырып, заңды түрде сертификат алып үлгерген. Ал сотталушыларға өмір бойы мемлекеттік қызметте жұмыс істеуге тыйым салынды. Бірақ, үкім әлі заңды күшіне енген жоқ. Адвокаттар қайта шағым түсіреміз деп бекініп отыр.

Мөлдір Ибадуллаева