Әлем чемпионы елге оралды

88

Сербияның Белград қаласында өткен бокстан әлем чемпионатында Қазақстан ұлттық құрама командасы тарихи жеңіске жетті. Құрама шаршы алаңда мықтылығын көрсетіп, дүние жүзі бойынша азулы команда екендіктерін тағы да бір рет дәлелдеді. Елге оралған әлем чемпионы Сәкен Бибосыновты отбасы, жанкүйерлері мен қолдаушылары әуежайда зор қошеметпен қарсы алды.

Бокстан Қазақстан ұлттық құрама командасының намысын қорғаған түркістандық талантты боксшы, әлем чемпионы Сакен Бибосыновты бүкіл халық болып, әуежайдан ыстық ықыласпен қарсы алды. Олардың қатарында чемпионның отбасы мүшелері мен қолдаушы жанкүйерлері бар. Токио олимпадасының қола жүлдегері Сәкен кезекті бұл байрақты бәсекеге тек алтын алу үшін барғанын көпшілікке жеткізді.

Сәкен Бибосынов, Бокстан Әлем Чемпионатының жеңімпазы: «Аллаға шүкір. Токиода кеткен есемізді осы Сербияда әлем біріншілігінде алтынға айырбастадық. Бапкерлеріміздің өзіміздің еңбегіміз ақталды. Алла қаласа, алдағы жарыстарда мұнымен тоқтап қалмай, елімізге алтын сыйлау үшін аянбай еңбек етеміз. 5 жекпе-жек өткіздім, бесеуінде жеңіске жеттім. Сіздердің қолдауларыңызды шарша алаңда жүргенде әрқашан сезінгенмін».

Сакен үшін биылғы жыл табысты болды. Токио олимпиадасында қола жүлдегер атанған ол әлем чемпионатының айқас алаңында өзінің талантын әлемге паш етті. Бұл Қазақстанның еңбек сіңірген жаттықтырушысы, тәжірибелі бапкер Мырзағали Айтжановтың қажырлы еңбегінің нәтижесі.

Мырзағали Айтжанов, Қазақстанның еңбек сіңірген жаттықтырушысы: «Көптеген әріптестеріміз, Куба, Ресей, АҚШ, Англия сияқты елдің мен сияқты бапкерлері жақсы баға берді, Токиода берді. Бірінші кездесуден бастап Олимпиада чемпионын ұтқан кезде олар оң баға беріп, осы жігіт Олимпиада чемпионы болады деп қолымды қысып, арқамнан қағып жатқан сол, баға сол».

Бүкіл дүние жүзінің спорт сүйер қауымы назар аударған бокс додасында еліміздің намысын қорғаған Сәкен Бибосынов, 51 келі салмақта финалда америкалық Роско Хиллді айқын басымдылықпен жеңген еді.

Айта кетейік, әлемдік додада ел намысын қорғап, көк туымызды желбіреткен чемпионынға Түркістан қаласынан екі бөлмелі пәтер беріледі. Бұл туралы боксшымен кездесіп, оны жеңісімен құттықтаған облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев айтты.

Әлихан Файзханов