«Ендігі үміт Шымкент әкімінде»: Апатты жағдайда отырған халықтың жанайқайы

74

Жарықтың жиі өшуінен мезі болған «Самал-3» шағынауданының тұрғындары арнамызға шағымданды. Айтуларынша, бұған дейін бірнеше рет өртенген электр құрылғыларының кесірінен үйін жылытудан қалған. Тек құрғақ уәдемен құтылатын атқамінерлерден шаршадық деген көпшілік «мәселемізді нақты шешіп берсін» деген талап қойып отыр.

«Аудан әкімі Парманов пен Әйтенов мырзаның құлағына алтын сырға. Айналайын мына жарығымызды жөндеп беріңдерші. Міне, кеше ғана өртенді мынау. Қақсап келе жатқаныма жыл болды».

«Самал-3» шағынауданының тұрғындары электр трансформаторының апатты жағдайда екенін айтып шағымданып отыр. Салдарынан жарықтың сөнуі жиілеген. Көпшіліктің айтуынша бұған дейін Абай ауданы әкімдігіне бірнеше рет ескерткен. Алайда атқамінерлер тек құрғақ уәдемен құтылған. Әрі уақытша ғана жөндеп берген құрылғы кез-келген уақытта өртеніп кетуі ықтимал деген көрінеді.

Әзімқұл Сарбаев, тұрғын: «Мәселе шешілмейді бізде. Еш уақытта шешілмейді. Жылап келе жатырмыз. Жазымен жыладық. Осы жерге Пармановтың өзі келіп жиналыс жасады. Тура осы жерге келді. Сол кезде де істеп береміз деп сендірген. Міне, қыс келді ғой. Тікелей жалғап кеткен мынаны. Қазір өртенеді мынау. Өртенгеннен кейін біз тіптен жарықсыз қаламыз».

Маржан Есмурзаева, тұрғын: «Өткенде жарық 1 тәуліктеп те болмай қалды. Көпбалалы отбасылар көп. Казір жұрттың бәрінде газ жылытқыш болғанымен бәрі жарыққа қосылған. Жарық өшкенде пеш өшеді. Бәріміздің кішкентай шақалақтарымыз бар».

Абай ауданынының бас маманы бұл мәселені назарға аламыз деп уәде берді. Алайда проблеманың нақты қашан шешілетіні әзірге белгісіз екен.

Ерғали Абилов, Абай ауданының қоғамдық орта сапаны дамыту бөлімінің бас маманы: «Мұның ішінде жарамайтын, ауыстырылуы қажет бірнеше заттары бар екен. Бұған дейін төменгілері істемей қалып жатқан еді. Қазір тікелей жалғап қойдық. Енді бәрін ретке келтіріп беру үшін энергетика басқармасына хат жолдаймыз.

— Мәселе нақты қашан шешіледі?

— Бұны мен нақты айта алмаймын».

Әкімшіліктің мұндай уәдесінен шаршаған жұрт бұл сөзге де илана қойған жоқ. Себебі, бұған дейін келген шенділер де «істеп бере алмаймыз» деп кесіп айтқан екен.

Жандос Райқұлов, тұрғын: «ЖКХ келді дұрыс па? Мойына алмады ғой, Ереке, шындық па? Істеп бере алмаймыз деді. Міне, шындығын айтты. Себебін сұрадым. Айтты. Оның бағасы көп, қымбат деді. Болды».

Бірақ жиналыстан босамаған Энергетика және инфрақұрылымды дамыту басқармасынан бұл сұрақтың жауабын алу қиынға соқты. Есесіне «сен салар да мен салар» деген шенеуніктер «Оңтүстік Жарық Транзит» ЖШС -іне жол сілтеді. Олар трансформаторды тек жөндеп бере алатындықтарын жеткізді. Ал оны ауыстыру және оған қаржы қарастыру мәселесі басқарма құзыретінде деді.

Әділбек Анарбаев, «Оңтүстік Жарық Транзит» ЖШС-нің маманы: «Қазір жаңа қосқыш алынды. Ертең трансформатор қондырғысын алып жасап тастайды.

— Ол кезде халықтың айтып жатқан мәселесі түбегейлі шешіле ме?

— Қазіргі таңда иә шешіледі, қосқышты ауыстырғаннан кейін.

-Тағы мұндай мәселе болмайды ғой, иә?

-Болмау керек».

Тұрғындардың айтуынша мұнымен мәселенің толық шешілуі екі талай. Себебі, бұған дейін де мекеме қызметкерлері бірнеше рет жөндеп кеткен көрінеді. Одан нәтиже болмады деген жұрт «сырты бүтін, іші түтін» трансформаторды ауыстырып берсін деген талап қойып отыр.

Ал ол үшін қыруар қаржы керек деген басқарама болса, бұл сауалымызды бүгін де жауапсыз қалдырды.

Мөлдір Ибадуллаева