Кәсіпкерлер заңсыз тауар айналымына қарсы

153

Қазақстандық кәсіпкерлер шығынға ұшырап жатыр. Шымкент қаласы және Түркістан облысының кәсіпкерлері өзбекстандық тауарлардың заңсыз айналымына шағым айтты. Олар, «біз, заңсыз айналым туралы сөзімізді дәлелдеп бере аламыз, алайда, билік өкілдері бұған көз жұма қарап отыр», дейді. Аталған мәселе бойынша кәсіпкерлер мен арнайы орган өкілдері жиналыс өткізді.

 

Абай Мырзабаев Абай «Nurtau distribution» ЖШС-нің бас директоры: «Мемлекет басшысы эфирде кәсіпкерлерді қолдаңдар деп, мүмкін эфирден тыс қорлаңдар деп айта ма деген мәселе боп тұр».

Кәсіпкер Абай Мырзабаев елдегі контрабандашыларға шағымдануда. Көптеген кәсіпкерлер Өзбекстан-Қазақстан шекарасы арқылы өтетін тауарларды астыртын тасымалдаумен айналысуға мәжбүр. Мұның себебі – салықтың өте жоғары болуы дейді.

Абай Мырзабаев, «Nurtau distribution» ЖШС -нің бас директоры: «Маған айтады сен 1 фура затқа, мысалы 1 млн. салық төлесең саған қажеті не?» дейді. «Одан да бізге соның жартысын бер, біз саған соны шығарып береміз» дейді. Мен ашығын айтайын, тура сондай ұсыныстар маған келіп жатыр. Бір жағынан ойласаң біз заңды істеп жатырмыз, бірақ қазір заңды тексеру келейін деп жатыр, сонда заңсыз істеген тиімді болып тұр ма? Жеке маған осындай ұсыныстар келіп жатыр».

Аталған кәсіпкер контрабандашылардың үстінен бірнеше рет шағымданған көрінеді. Дегенмен, мәселенің шешілуін күткен кәсіпкер керісінше өзіне біреулердің қоқан-лоққы көрсетіп хабарласқанын айтады.

Абай Мырзабаев, Nurtau distribution» ЖШС-нің бас директоры: «Егер біздің компания алдағы уақытта белгілі бір себептермен, белгісіз бір себептермен жабылып қалса, бұл меморгандардың менің қазіргі осы сөзіме жасаған қысымы деп білесіздер. Бірақ халықтың мүддесі болғаннан кейін ашық айтайын, бұл мәселе 5 жылдан жоғары көтеріліп жүр. Менде осындай жағдай болды, хаттар жаздым, бір күні орган жақтан қоңырау келеді. Бүкіл затымның бәрін тоқтатып тастаған. Маған звондады. Бір-ақ ауыз сөз «түсіндің бе?» деді, мен түсіндім дедім».

Қазақстаннан Өзбекстанға заңсыз тауар тасу ісінің бар екенін картон қораптарын шығаратын компанияның директоры да растап отыр. Айтуынша, макулатураны күн сайын алып кетіп, ресейлік шикізат ретінде Өзбекстанға апаратын көрінеді.

Аман Әлімбаев, «Бумпром» ЖШС құрылтайшысы: “Біз өзіміз сол жердеміз, «Оңтүстік» индустриялдық аймақтамыз. Бізге қарама-қарсы макулатура жинайтындар бар. Қай посттан өтетінін мен білмеймін, біздің зауыттың алдында таңертең 6-7 Өзбекстанның фурасы келіп тұрып алады. Макулатураны алып кетеді көзімізше. Документті қалай істейміз десе, ресейлік макулатура қылып істейміз дейді».

Кәсіпкерлер жүктерді заңсыз тасымалдау қалыпты жағдай болып кеткенін айтады. Жүйе қарапайым ғана: тауар өзбекстандық өткізу пунктінде жүк көліктерінен түсіріледі, шекарадан қазақстандық өткізу пунктіне тасымалданады. Мұндай тауарларға – тоқыма өнімдері, пластмасс ойыншықтар, кондитерлік өнімдер, кептірілген жемістер және құрылыс материалдары жатады. Ал бұл мәселе бойынша кеден қызметкерлері заңсыз әрекеттерді дер кезінде анықтап, жойып отыратындығына сендірді.

Ғазиз Аббасов, «Бауыржан Қонысбаев» кеден бекетінің басшысы:  “Барлық кеден бекеттерінде инспекциялық тексеру кешені бар, оған қоса инспекциялық тексеру кешені комитеттің Ахуалдық орталығымен тексеріледі. Менің ойымша, тасымалдау контрабандасы кейбір түсініксіз заттарға ғана, ал кондитерлік өнімдер немесе қосымша маталар, ойыншықтарға қатысты ештеңе жоқ».

«5 қараша, 2021 жыл. Сағат таңғы 10:20. Сайтта Мемлекеттік кірістер комитетінің сайтында 4 қарашаға электрондық кезекте 13 автокөлік құралы бар».

Кәсіпкерлердің тағы бір үлкен мәселесі – шекарадан өту. Олар тіпті кезек күтіп апталап тұрады екен. Осы уақыт аралағында өнімдердің бұзылатыны тағы бар. Ал кейбіреулер шекарадан кезексіз, тіпті түнде де өте алады екен.

Мұрат Әбдірахманов, Түркістан облыстық Мемлекеттік кірістер департаменті басшысының орынбасары: “Маған онда 100-ден астам көлік жиналып тұр деп айтылды. Мен таңертең сағат 5-те тұрдым, Түркістаннан шығып, 7:30-да Қазығұртта болдым шамамен. Бұл көліктердің жиналуы неліктен болып отыр? Автоматты жүйе істен шыққан. Мен сағат 12-ге дейін сонда болдым, бұл мәселе шешілді. Мен тапсырма бердім. Қазығұртта мен өзім болдым».

Эпидемиядан кейінгі экономиканы қалпына келтіру үшін мемлекеттік бюджетке үлкен көлемде қаражат қажет екені белгілі. Ал заңсыз тауар айналымы бюджеттен бөлек қоғамдық тәртіпке де зиянын тигізіп отыр.

Айта кетейік, Түркістан облысында аталған транзит мәселесі бұған дейін де бірнеше рет көтерілген. Алайда, өкінішке орай, мәселе әлі шешімін тапқан жоқ.

Гүлдана Дәурен