Көгілдір отыннан тарыққан ауылдар…

50

Түркістан облысы, Сарыағаш ауданында онға жуық ауыл газсыз отыр. Бірақ, елдімекен іргесінде көгілдір отынмен қамтамасыз ететін АГРС іске қосылғанына біршама уақыт болған. Алайда, қарапайым халық шарапатын әлі күнге дейін көре алмай келеді. Тіпті, жауаптылардың газ жуық арада келеді деген сөзіне иланған халық қысқы маусымға дайындалып та үлгермеген. Енді суық алқымнан алған кезде қымбат бағада көмір алуға мәжбүр.

«Газ келеді, келеді дегенге бір жылдан асып кетті ғой. Әлі газ жоқ. Ойбай ертең келеді, бірісі күні келеді деп жаурап отырдық кешегі дейін көмірсіз. Енді қатып өліп қалатын түріміз бар. Ажалымыздан бұрын өліп қалғанша түсірейік деп кеше кешке таман түсірдік», — дейді тұрғындардың бірі.

Жетпісті алқымдаған Гүләйшә Құралова әжейдің көмір жағу күнделікті жұмысы. Қартайған шағында да от жағудың бейнетінен құтылар емес. Мәселені шешу үшін үйіне газ құбырларын тартуға 90 мың теңге төлеп қойыпты. Ол бала-шағаның аузынан жырып берген қаржысына тындырымды тірліктің атқарылмай жатқанына налиды.

Гүлайша Құралова, Сарыағаш ауданының тұрғыны: «Пакетке салып, пешке саламыз. Толтырып, толтырып. Мынау қаптап қойдым. Осылай біздің көрген күндеріміз, айналайын. Бұл басшылар қайда қарап отыр, газ келеді деген адамдар қайда кетті?».

Сарыағаш ауданындағы газдандыру жұмыстарына көңілі толмайтын 100-ге жуық тұрғын тағыда жиналып, мәселелерін жайып салды. Айтуларынша, АГРС жұмысы аяқталғанымен, әлі күнге көгілдір отын жоқ. Ал, әрбір баспанаға газ тартып беру үшін, 90 мың теңге сұрайды екен. Бірақ тұрғындар ондай ақша бірі тауып берсе, екінішісінде ондай мүмкіндік жоқ деп отыр. Сондықтан бөліп төлеуге немесе құнын түсіруге биліктегілер ат салысса дейді. Жобаның әу бастан шикі басталып, олқылықтардың орны енді толтырыплып жатқан көрінеді. Тіпті, көгілдір отынға жауапты атқа мінердің бірі қазір тергеуде жатыр екен.

Бақтығали Бейсенов, Сарыағаш ауданының тұрғыны: «Сейтімбетов сол кездегі ЖКХ бастығы, одан кейін аудан әкімінің орынбасары еді. Уақытша қамауда қазір, тергеу жұмыстары жүрып жатыр.  Енді газ алып келсін, халықты шулатпасын. Қыс қандай болатынын Құдай біледі? Сонда халық не жағады? Көмір жағайын десе, сыйқы анау. Келіп тұрған газ ғой неге алып келіп қоспайды?».

Марат Айдарқұлов, Сарыағаш ауданының тұрғыны: «Біреу шыбынды былай ұстапты да, сөйтіп айтыпты. Ішіндегі өлі ме, тірі ме деп. Сіз өлді десеңіз өледі, тірі десеңіз тірі болады депті. «ҚазТрансГаз» берем десе бүгін береді, бермеймін десе биыл бермейді. Ал, бірақ бес ауылға уәде берген кезінде ана жерде халық билері жиналды, әкімшілік жиналды. Сол жерде уәде берді жиырма күн қалды, бірақ берілмей отыр».

Газ кіріп, отын тасып, күл шығарудың қиындығынан құтыламыз ба деген тұрғындар тағы да бір мәселеге тап болыпты. Яғни, кезінде жер телімдері оңды солды сатылып, бір учаскенің екінші иесі табылып жатыр. Сол себептен, газ кіргізуге құжаттарын рәсімдей алмай әлек. Онда да шенеуніктердің кінәсі дейді бума бума қағаз ұстап шапқылап жүргендер.

Үсен Жарқынбеков, Сарыағаш ауданының тұрғыны: «Біздің Ақ үй елдімекеннің берген шешімінің 80 процентінің түбірі жоқ. Ертең газ келетін жағдайда, жарық болсын газ келетін болса госакті істете алмай жатыр Ақ үй елдімекеннің тұрғыны, 80 проценті. Мынау сол кезде берген әкімнің Бижанов деген атауы және тағы бір әкім бар. Оның біреуі «НұрОтанда» депутат, біреуі Жылғада әкім болып істеп жатыр. Солардың кесірінен бүкіл халық көбісінің жағдайы келмейді, қазір мына документті істетейін десе сот арқылы 150 мың теңге сотқа беру керек екен. Оған халықтың шамасы келмейді».

Ал, халық жиналғаннан кейін бірден осы жерден табылған атқа мінерлер, станса істеп тұрғанын жеткізді. Тіпті екі ауылға газ тартып қойдық дейді. Ал, қалған елдімекендер нақты қашан қамтылатынын айтып бере алмады.

Бақытжан Полатов, Сарыағаш ауданы әкімінің орынбасары: «Халық қысқа қамданбай, көмір алмаған. Шенеуніктердің газ қосылады дегенге сеніп қалдық дейді. Сол жиналыста, ауыл билеріне де, ауыл әкімдеріне айтылды. Барлықтарыңыз газ келеді деп сеніп қалмаңыздар деп. Көмір алып дайындала беріңіздер деп. Біз тек екі ауылға газ қосылады, онда да құжаты түгел емес үйлер көмір алып қойғаны дұрыс деп айтылған. Ендігі жылға бітіп қалуы мүмкін».

Тұрғындар жағдайларын айтып президентке дейін хат жолдаған. Содан кейін ғана жергілікті билік жыбырлап жұмыс істегендей сыңай танытыпты.

Ғалымжан Кенжебек