«Елімізде көмірдің бағасы шарықтап тұр». Осылай деп дабыл қаққан Мәжіліс депутаты Ерлан Сайыров Премьер-Министр орынбасарына депутаттық сауал жолдады.
Айтуынша, халық қатты отынды бастапқы бағасынан үш-төрт есе жоғары сатып алуда. Оған кім немесе не себеп болып отыр? Көмір тапшылығы қашан тежеледі?
Көмірдің бастапқы бағасы 7 800 теңге деп белгіленгенімен еліміздің кейбір өңірінде 25-30 мыңнан сатылып жатыр. Бұл туралы халық қалаулысы Ерлан Сайыров депуттатық сауалында мәлімдеді. Қазақстанның бірнеше аймағында әлі көгілдір отынның жоқ екенін ескерген мәжілісмен бұл мәселенің өзектілігін жеткізуге тырысты.
Ерлан Сайыров, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты: «Бұл ауылдағы ағайынның қалтасы мүлдем көтермейтін баға! Осы қып-қызыл бағаға көмірдің өзі тапшы! Қақаған қыста азаматтар ақшасын төлеп қойып, көмірді тосуға мәжбүр! «Көмірдің қымбаттығынан, оны сатып алу үшін банкіден несие алып жатырмыз» деген де хабар-ошар жетуде!».
Баға шарықтап тұрғанымен әлі де көмір жетіспеушілігі байқалады. Осылай деген депутат оған вагондардың тапшылығы себеп дейді. Әрі ортадағы делдалдардың да әсері бар. Себебі көмір разрезден сату нүктесіне 6 күнде емес, 16 күнде жеткізіліп отыр. Осылайша, түпкі тұтынушы үшін баға бастапқыдан үш-төрт есе өседі.
Ерлан Сайыров, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты: «Бүгінгі күні тұтынушыға көмірді жеткізу және сату тізбегінде шамамен 10-ға тарта буын қалыптасқан, соның негізгілері: көмір өндіру разрезі, темір жолмен жөнелтуге арналған тиеу пункттері, темір жол арқылы тасымалдау, теміржол тұйықтарында қабылдау терминалдары, көмірді тұтынушыларға жеткізетін тарату пункттері. Осы кезеңдердің барлығында әркім өз пайдасын қымқыруға тырысады, осыған байланысты баға қымбаттай береді».
Халық қалаулысы ауыл халқы үшін нормативтік көмір қорын дайындауды, оның бағасы қалыптасқанда ашықтықты қамтамасыз етуді және вагон санын көбейтуді ұсынды.
Сондай-ақ Мәжіліс отырысында депутаттар сенат қайтарған үш жылдық бюджетке келісім білдірді. Бұған дейін жоғарғы палата оған жүздеген өзгеріс енгізген еді.
Анатолий Бойчи, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты: «Сенат 107 өзгеріс енгізген. Осы түзетулер 2022-2024 жылдарға арналған республикалық бюджеттің негізгі параметрлерін өзгертпейді. Үкімет резервін қайта бөлу есебінен республикалық бюджеттің шығыстары 2022 жылы 64,5 млрд теңгеге, 2023 жылы 15,1 млрд теңгеге, ал 2024 жылда 6,4 млрд теңгеге ұлғайтылып отыр».
Әдеттегідей үш жылдық бюджет шығыстарының басым бөлігі, яғни 26,7 триллион теңге әлеуметтік салаға тиесілі болды. Соның ішінде 2022 жылға – 8 триллион теңге. Ол биылғы жылдан 643,0 миллиард теңгеге артық. 2024 жылға дейін тағы 10 процентке ұлғаяды деп жоспарлануда.
Мөлдір Ибадуллаева