Қос ұлттың құндылығын үйлестірген бақытты шаңырақ

51

Арнамыздың отбасы тарихын таныстыратын репортаждар сериясының бұл жолғы кейіпкері көп балалы жас ата-ана. Ұйғыр мен қазақ ұлт өкілдерінен құралған жанұяның шаңырағына телеарнаның шығармашылық тобы барып қайтты.

Нижат Турдиев ұйғыр ұлтының өкілі. Оның жары Динара Жандарбекова қазақ қызы. Екеуінің отбасын құру тарихы да қызық. Бір-бірін ұзақ уақыт танып білсе де, қыз жігіттің ұлтынан бейхабар болған.

Динара Жандарбекова: «Біз қыз жігіт болып жүрсек те Нижаттың ұлтын білмеппін. Мен оның ұлтын мені алып қашып бара жатқан жолда білдім. Алып қашып бара жатып жолда, маған куәлігін көрсетіп, ұйғыр екенін айтты. Ал мен сол кезде ғана ұйғыр деген ұлт бар екенін білдім. Бірақ ол маған ешқандай кері әсерін тигізген жоқ».

Нижаттың ата-бабасы 60-жылдары Қытай елінен қоныс аударған. Қазақстанның бірнеше қаласында болған олар соңында Шымкентте тұрақтапты. Жылы мекеннен өмірлік жарымды жолықтырдым деген кәсіпкер бұл қаладан ешқайда кеткісі келмейтінін айтады.

Нижат Турдиев: «Маған Шымкент үйлесімді қала. Туған-туысым, дос-жарандарым бәрі осында. Осы қалада отбасын құрып, ата-ана атандық, кәсібімізді де осында аштық».

Нижат пен Динара 5 баланың ата-анасы. Балаларының бәрі спортпен айналысқанды ұнатады. Мысалы тұңғышы, болашақта футболдан үздік командада ел намысын қорғайтынына сенімді.

Отбасы мүшелері екі ұлттың ұлттық мерекелерінің бәрін атап өтеді екен. Себебі отағасы мен отанасы, бір-бірінің ұлттық құндылықтарын сақтап, оған құрметпен қарау – отбасындағы сенім мен сыйластықты арттыратын үлкен парыз дейді. Бақытты отбасының мақсаты елге қызмет ететін білімді де білікті ұрпақ тәрбиелу.

Жанерке Хумар