«Шымкент» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» АҚ Басқармасы төрағасы Бауыржан Канкин ағымдағы жылдың 9 айында атқарған жұмыстар бойынша есеп берді.

Әлеуметтік маңызы бар азық түлік тауарларының бағасын тұрақтандыру, коғамдық көлік, құрылыс, апатты үйлерді жаңарту бағытында жобалар жүзеге асырылып, есепті мерзімде пайда 2,9 млрд. теңгені құрапты.

Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыру «Шымкент» әлеуметтік- кәсіпкерлік корпорациясының басты әлеуметтік бағыттарының бірі. Алайда АҚ басқарма төрағасы қалалықтарды мазалайтын мәселеге немқұрайлық танытқаны ма, әлде ағымдағы жылдан бастап шарықтаған бағаны ауыздықтауда қарыз беру тетігіне көшкендіктен бе, есебінде бұл тақырыпқа нақты тоқталмады.

Тілші:»Биыл тұрақтандыру қорынан неше қаражат бөлінді, соны неге айтпайсыз көлемі неше 2021 жылға? Қай сауда орындарына жеңілдетілген қарыз берілді?»

Канкин мырза іркіліп, қарамағындағылардан  брифинг барысында ақпарат жинап, тілшілердің сұрағына әйтеуір жауап қатты.
Бауыржан Канкин, «Шымкент» ӘКК»» АҚ Басқарма төрағасы: «Қанша… қанша 4 млн. ба? Кто подскажет? А 4 млрд. па? Оның ішінде, «Грамадқа» -800 млн, «Шымкентқұс» -қа 300 млн, «Магнумге»- 1 млрд ,  «Қасқасуға» – 200 млн, «Фирканға» 300 млн,  ЮПЭКС-ке -500 млн теңге, «Бәйтерек», дистрибьютерлер Ахмедова, Темиршиков, HERMES, Момбетчеев ???? бөлінген».

Айта кететін жәйт,  2021 жылы  әлеуметтік маңызы бар тауарлардың бағасын тұрақтандыруға  4 363 000 000 теңге  қаржы бөлінген.

Үкімет бекіткен әлеуметтік маңызы бар 19 тауардың бағасын тұрақтандыру міндеті, ірі сауда орындары, тауарөндірушілер мен дистрибьютерлерге жүктеліпті.
Канкин мырза қарыз берілген сауда орындарының барлығы  үкімет бекіткен   тізімдегі 19 тауарды әлеуметтік бағада толық  ұстап тұрмағанын  жасырмады: » Біреуінде бар, біреуінде бакалея, біреуінде ауыл шаруашылығы өнімдері, Магнумда 19 позиция бар».

Есептік жиында көтерлген тағы бір өзекті мәселе- Шымкент әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы тарапынан жалға берілетін жер телімдерінің бағасы болды. Неліктен, кәсіпкер Шоқан Баймұхамедовке 0,5 га жер телімі 11 млн- ға , ал Қызылжардағы 2 гектар жер телімі 17 млн-ға сатылған деген сұраққа Басқарма төрағасы былай жауап берді.

Бауыржан Канкин, «»Шымкент» ӘКК»» АҚ Басқарма төрағасы :»Бұл өте қарапайым сұрақ. Ана жерде «Нұрсәт» болса, ал мына жерде «ҚызылЖар». Нарықтың өзі бағаны анықтайды. Тәуелсіз баға. Мәселен, Шымкентте бір апта тұрған адам «Нұрсәтте» «Қызылжарға» қарағанда едәуір жақсы екенін түсінеді. Сондықтан да, баға қымбатырақ. Қазіргі таңда «Крыша»-да Нұрсәттағы 10 соттық жер 20 млн теңге тұрады,»ИЖС»-ке. Мұны мен ойдан шығарған жоқпын. Ал 11 млн-ға қатысты оны мен өз қалтама салмаймын акционерлік қоғам ретінде біз оны бизнестен алып, әлеуметтік жобаларға бердік».

Ал инвестицияларға келсек, әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы жеке инвесторлармен бірлесіп жүзеге асырып жатқан инвестициялық жобалардың портфелі 679,4 млрд құрайтын 100 жобадан тұрады екен. Қыруар қаржы айналымы бар жерде аудит тексеріс те болар деген үміттеміз.

Шынар Оразова