Шымкент: Ревакцинациялау басталды

67

Шымкентте коронавирусқа қарсы ревакцинациялау жұмыстары басталды. 9 ай бұрын инфекцияға қарсы вакцина алған азаматтар қазір медициналық ұйымдарда қайта екпе салдырып жатыр.

Ковидке қарсы екпенің үшінші құрамдас бөлігін алғашқылардың бірі болып қаланың бас санитар дәрігері Әбдіманап Төлебаев салдырды. Бұл жолы басшы отандық QAZVAC вакцинасын қабылдады. Екпеден кейін Әбдіманап Қошқарұлы жарты сағаттай медициналық бақылау кабинетінде болып, вакцинадан кейінгі жағдайы туралы айтып берді.

Әбдіманап Төлебаев, Шымкент қалалық санитариялық эпидемиялогиялық бақылау департаментінің басшысы: «Вакцинадан кейінгі жағдай бірқалыпты. Қала тұрғындарына айтарым қайта екпе жасатыңзыдар. Себебі біз бұл індетті әлі толық жеңіп шықан жоқпыз. Індетті жеңуде жаппай иммундаудың маңызы зор екендігін тағы еске салғым келеді».

Қазірде емханаларда медициналық қызметкерлер, санитарлық-эпидемиологиялық қызмет мамандары екпені қайта салдыруда. Сондай-ақ, бұл тізімге педагогтар, әлеуметтік мекемелердің қызметкерлері мен контингенті, күштік құрылымдардың қызметкерлері және студенттер кіреді. Медицина мамандарының сөзінше, мұнан алдын екі компонентті салдырған адамның ағзасында ковидке қарсы антиденелер қалыптасады.

Екпеден кейін қалыптасқан иммунитет арада бірнеше уақыттардан кейін төмендей бастайды. Ал ревакцинация ағзада қалыптасқан иммунитетті қайта қалпына келтіріп, инфекциядан қорғану жүйесін арттырады. Сондықтан екпені үшінші кезеңде жасайтындарға бір ғана дозадан вакцина салынады дейді мамандар.

Айкөркем Назарова, Шымкент қаласының тұрғыны: «Қайта екпе жасату вурустан толық қорғайды дегім келеді. Алдын «Спутник» вакцинасын салдырған едім. Бүгін «Синовак» вакцинасын салдырдым».

Айта кетейік, Шымкентте коронавирустық инфекцияның таралуы бойынша эпидемиологиялық жағдай тұрақты. Бүгінде қала бойынша коронавирусты инфекцияға қарсы вакцинаның алғашқы компонентін 571411, екіншісін 537051 тұрғын салдырған. Ал Файзер вакцинасын қабылдағандар саны үш мыңға жуықтады.

Лаура Нақыпқызы