Шаһар аумағы мен төңірегіндегі шаңды тұман тұрғындарды әбігерге салды. Салдарынан далада тыныс алу қиындаған. Мұндай құбылыстың бұрын-соңды болмағанын айтқан қалалықтар сала мамандарынан түсініктеме күтеді.
Біз осы мәселеге қатысты «Қазгидромет» РМК Тұркістан облысы бойынша филиалының мамандарынан ресми ақпарат алған едік.
Әсия Қыдырбаева, бөлім басшысы: «4-ші қараша күні Түркістан облысы аумағында және Шымкент қаласында тұрған желдің әсерінен қалқымалы бөлшектер атмосфера қабатына көтерілді. Жел екпіні бәсеңдегендіктен және оңтүстіктен жылы ағымның біздің аймаққа жылжуына байланысты таңертең Қазғұрт ауданы мен Шымкентте тұман түсті. Тұманның бірден бір қасиеті атмосфераға көтерілген қалқылама бөлшектерді өзіне жинайды. Тұманмен бірге ол жерге түседі. Тұман сейілгеннен кейін де, қалқымалы бөлшектер тез кете қоймайды. Өйткені, күн сәулелерінің әсерінен ауада біраз қалқып тұрады. Қазіргі таңда біз «Спутниктермен» бақылағанымызда Шымкент қаласында, Қазығұрт ауданы, Түркістан мен Ташкент қалаларының арасында әлі қалқымалы заттар сақталуда. 2 күнге берген дауылды ескертуде тұман оңтүстік пен таулы аудандарда сақталуына байланысты қалқымалы заттар біздің қаладан кетпейді».
Шынар Оразова