Тұрғындар қарашаның суығында жылусыз отыр

65

Әл-Фараби ауданындағы көпқабатты тұрғын үйлердің бірі жылусыз отыр. Тұрғындардың айтуынша, бұл бірінші рет емес. Қыс ауасында бүкіл үйдің жылусыз қалуына басты себеп, төменгі қабаттағы дүкен орналасқан ғимараттағы жылу жүйесінің әбден тозығы жеткен.

«Үйіміз суық, ал құбырлардан тоқтаусыз су кетіп жатыр». Осылай деп шағымданған тұрғындар, бұл проблеманың көптен бері шешілмей келе жатқандығын айтады. Себеп, төменгі қабаттағы дүкен орналасқан ғимараттағы жылу жүйесінің тозығы жеткен. Тиісінше ескі құбырлар қайта-қайта жарылып, жиі бұзылады.

Ғалия Садыққызы, Шымкент қаласының тұрғыны: «Біздің үйлерге берілетін жылу 1 қабаттағы жылыту жүйесіне тікелей байланысты. Ал біздің бірінші қабатта «Абди» дүкені орналасқан. Біз дүкенге кіріп, 40-50 жыл бойы тозып кеткен құбырларды өз көзімізбен көрдік. Олар мүлде ауыспаған, әр жері бір жарылып кетеді. Құбырлардан су ағып, үйдің бәрін су алады. Жылу болмайды, соның салдарынан үйіміз үнемі суық».

Тұрғындар өткен жылы қыс мезгілінде 5 рет жылу тоқтап қалғанын айтып отыр. Ал дүкен иелері, тұрғындардың «Суық күнде жылусыз тоңып отырмыз. Құбырларды жаңартып, жөндеңдер» деген сөзіне мән бермей отырған көрінеді.

Елена Мамчиева, Шымкент қаласының тұрғыны: «Міне, қарашаның 6-сы болды, жылу әлі жоқ. Адамдар үйде отырып тоңып отыр. Ал әр үйде кішкентай балалар, қарттар, мүгедектер бар. Оларға обал емес пе?! Біз «Абди» дүкенімен осы мәселені шешкіміз келеді. Бұл проблеманы тезірек шешу керек».

«Абди» кеңсе заттарына арналған дүкенінің басшылығымен байланысудың сәті түспеді. Есесіне, өзін бірінші қабаттағы ғимарат иесінің сенімді өкілімін деп таныстырған Талғат Ысқақов байланысқа шықты. Сөзінше, айтулы дүкен бірінші қабаттағы ғимаратты жалға алып отыр. Ал жылу жүйесіне қатысты барлық проблемаларды шешу, нысан егесінің міндетіне кіреді екен.

Талғат Искаков, ғимарат иесінің сенімді өкілі: «Сәрсенбі күні жылудың құбыры жарылып, мәжбүр болдық суды тоқтатуға. Маған тиесілі ғимараттан үйге көпшілік пайдаланатын жылу құбыры өтеді. Сол құбырда ақау пайда болып, жылуды тоқтаттық. Себебі судың барлығы ғимаратты алып кеткеннен кейін. Бізден өтіп жатқан жылу, көпшілік пайдаланатын мүлкі ретінде саналады. Сондықтан жөндеуі, қызмет көрсетуі ортаққа бөлінетін болғаннан кейін, жұмыстар жаз бойы жүргізілмегеннен кейін қазір ақаулар пайда болып жатыр. Толық ауыстыратын болса халық жиналып, біз сол қаражаттың 30 пайызын беруге дайынбыз. Себебі 1 этаждың барлығы коммерцияалық бізге қатысты мүлік».

Айта кетейік, Ә. Жангелдин көшесі № 1 мекен-жайындағы бұл көпқабатты үйде жертөле қарастырылмаған. Сол себепті де барлық жарық, жылу жүйелері бірінші қабаттағы ғимараттан өтеді екен.

Гүлдана Дәурен