Валюта бағамдары мен базалық мөлшерлеме жайында электрондық анықтама қажет болса, сіз, ол мәліметті енді тез арада ала аласыз.
Себебі, Қазақстанның Ұлттық банкі айтулы анықтамаларды беру қызметі іске қосылғанын хабарлайды
Қазақстанның Ұлттық Банкінде валюта бағамдары мен базалық мөлшерлеме бойынша электрондық анықтамалар беру қызметі пилоттық режимде іске қосылғанына бір айдан асты. Жүйе мемлекеттік органдарға, жеке және заңды тұлғаларға арналған. Ол қызметті Қазақстан Ұлттық банкі веб-порталының «Электрондық анықтамалар» бөлімінен табуға болады.
Сервис статистикалық деректерді ұсыну процесін жеңілдетіп, электрондық анықтамаларды алу мерзімін айтарлықтай қысқартады. Егер осыған дейін қағаз жүзіндегі ақпаратты алу үшін орта есеппен 2-ден 5 жұмыс күніне дейін уақыт кетсе, жаңа жүйе қажетті анықтаманы сол мезетте ұсынады.
Жаңа сервистің көмегімен пайдаланушылар келесі мәліметтерді ала алады:
— таңдалған күнге немесе кезеңге ұлттық валютаның шетел валюталарына қатысты күнделікті ресми бағамы бойынша анықтама;
— ұлттық валютаның шетел валюталарына қатысты ресми бағамы бойынша бір айдағы орташа анықтамасы;
— таңдалған күнге немесе кезеңге ҚҰБ базалық мөлшерлемесінің (қайта қаржыландырудың ресми мөлшерлемесінің) көлемі туралы анықтама;
— белгілі бір күнге белгіленген шетел валюталарының ұлттық валютаға ресми бағамдары туралы ақпараттық хабарлама.
Электрондық анықтамаларды алу үшін веб-порталда тіркелу міндетті емес, олардың түпнұсқаға сәйкестігі құжаттағы QR-кодпен расталады.
Сервис статистикалық ақпаратты алудың қосымша әдісі екенін ескерген жөн. Жеке және заңды тұлғалар бұрынғыдай заңнамамен белгіленген мерзімде қағаз жүзінде анықтама алу үшін ҚҰБ-қа жүгінуге құқылы.
Электрондық анықтама берілгенде Валюта бағамдары жөніндегі деректер Ұлттық Банк ресми бағамды белгілейтін шетел валюталары бойынша 2010 жылдың 1 қаңтардан бастап күн сайынғы және ай сайынғы негізде қол жетімді. Базалық мөлшерлеменің көлемі туралы деректер 2001 жылдың 1 қаңтарынан бастап беріліп келеді.
Толық ақпаратты мына телефондар немесе электронды мекен-жай арқылы ала аласыздар:
8 (7172) 77–52–10
e-mail: press@nationalbank.kz
www.nationalbank.kz