Әйелдер түзеу колониясында 2 азаматша рақымшылықпен бостандыққа шығады

83

Қатаң режимдегі әйелдер колониясындағы жүздеген сотталушылардың арасында тек екеуі ғана рақымшылыққа іліккен. Біреуінің бостандыққа шығу мерзімін қысқартса, екіншісі жақында үйіне оралады. 167/4 колониясында көбіне ауыр қылмыстар, оның ішінде кісі өлтіріп, есірткі үшін сотталғандар жазасын өтеп жатыр.

Темір тордың артындағы концет. Ауыр қылмыс үшін сотталған әйел шырқап жатқан әнінде көктен оны естуін сұрап отыр. Оның бір ғана тілегі бар — ол үйіне тезірек оралу. Бірақ, өкінішке орай, ол рақымшылыққа іліккен жоқ. Тәуелсіздіктің 30 жылдығы қарсаңында әйелдер түзеу мекемесінде тек 2 азаматшаға кешірім берілмек.

Осы жылдың тамыз айында бұл әйел 3,5 жылға бас бостандығынан айырылды. Алматыдан келген ол алаяқтық үшін түрмеге қамалған, содан кейін колонияның арнайы бөлігінде карантин жарияланған. Ол тіпті жалпы ортақ камераға жетпей, сот қаулы шығарып, рақымшылыққа ілікті.

«Мен енді бұдан былай қылмыс жасамаймын. Мұның кесірі кімге тиіп жатыр? Әрине, балалар мен отбасыға. Үйімде мені алты балам күтіп отыр, енді заң шеңберінен шықпай өмір сүретін боламын», дейді ол.

Қатаң режимдегі түзеу мекемесінде жүзден астам тұтқын әйелдер бар. Көпшілігі 20 жылға жуық уақытқа темір торға қамалған. Бірақ, бәрінің арман-тілегі бір — рақымшылыққа ілігіп, тезірек бостандыққа шығу.

Әлихан Файханов