Атышулы «Бахрейн ісіне» бүгін нүкте қойылды. Шымкенттегі қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының төрағасы трансұлттық ұйымдасқан топ құрып, төрт жыл бойы адам саудасымен айналысқандарға үкім кесті.
16 сотталушының алды 14 жылға жаза арқалады. Бахрейн корольдігіне жас қыздарды алдап жеткізіп, жыныстық құлдыққа жеккендер кімдер?
Бахрейн ісі бойынша сотталған 16 адамның басым бөлігі әйел адамдар. Дені Түркістан облысы мен Шымкент қаласының тұрғындары. 150 томдық қылмыстық іс бойынша басты фигурант -36 жастағы келіншек. Ол Бахрейн Корольдігіне Қазақстан аумағынан жас қыздарды жеткізіп отырғандарға қомақты сыйақы беріледі дегенді естіп өзінің таныстарын тартыпты. Ұйымдастырушы бұл іске өзінің анасын да жұмылдырған деді істі қараған судья Әбсаттар Шайхиддинов.
Әбсаттар Шайхидинов, Шымкент қалалық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының төрағасы: «Жалақысы жоғары жұмысқа тұрып, күреп ақша табасың» деген жылтырақ сөзге сенген 36 қазақ қызы Бахрейн Корольдігіне келгенде жыныстық құлдыққа түскенін бір-ақ білген».
Әрбірін 2000 мыңнан 5000 мың АҚШ долларына бағалап сатып отырған көрінеді. Ұйымдасқан топтың 16 мүшесінің он үшіне судья 1 жыл 3 айдан бастап, 14 жылға дейін бас бостандығынан айыру жайлы үкім кесті. Қалған үшеуін сот кінәлі деп таныса да, олардың жалғызбасты ана екенін және басқа да жағдайларын ескеріп, қылмыстық жауапкершіліктен босатты. Ал жақындары болса бұл жаңалықты естіп сот залында құшақтасып, көз жастарына ерік берді.
Айта кетейік, осы жылдың наурыз айында қазақ қыздарын жыныстық құлдыққа салу мақсатында шетелге жіберген қылмыстық топтың 16 мүшесі анықталған еді. Бұл бизнестің қыр-сыры мен құпиясын мықтап меңгеріп алған олар құрбандарын тек Түркістан облысы мен Шымкент қаласынан таңдаған. Ұйымдасқан топтың дені Қазақстан, Ресей және Бахрейн азаматтары болған.
Әлихан Файзханов