Республикалық маңызды жолда қатынайтын автобустар қысқа дайын ба? Төтенше жағдайлар басқарамасының өкілдері мәселеге қатысты түсіндірме жұмыстарын жүргізді.
Тұрғындарды бір қаладан екінші қалаға тасымалдайтын көліктер қаншалықты талапқа сай? Ал жүргізушілердің не айтары бар?
Үшінші мегаполистен Нұр-Сұлтан мен Алматы қалаларына қатынайтын бұл автобустардың қысқа дайындығы тексерілді. Республикалық маңызды жолда жүретін жүргізушілер техникалық жағынан сақадай саймыз деп отыр. Алайда ақылы жолдардың сапасы көңіл көншітпей тұр деп наразылығын білдірді.
«Қазіргі мынау үлкен трассаның сапасы жоғары емес. Ақылы жолға дұрыс емес. Мүлде сапасы жоқ жолдың. Тек Жамбыл облысы ғана жолға жақсы қарайды, Шымкент мұзтайғаққа дайын емес».
«Жол нашар, шұрқ тесік көп, ақылы жолға сай келмейді. Бірақ ақысын төлеп жатырмыз»,-дейді жүргізушілер.
Ал Еңбекші аудандық төтенше жағдай басқармасы халықты тасымалдайтын автобустар кез-келген төтенше жағдайға дайын болуы керек екенін айтады. Осы мақсатта айына екі рет түсіндірме жұмыстарын жүргізіп, барынша қауіпсіздікті сақтауға тырысамыз дейді.
Ақмырза Бабаш, Еңбекші ауданы төтенше жағдай басқармасының инженері:
«Мынау балондары қысқы жағдайға дайын ба, соны ескертеміз. Жолға шығып бара жатқаннан кейін. Әрі ішінде адамдар болғаннан кейін жолда аударылып кетуі ықтимал. сондай кезде қалай шығып кетуге болады, яғни төтенше жағдайдан қалай шығуға болатынан түсіндіреміз».
Айта кетейік, қаларалық байланыс жасайтын автобустарда өрт сөндіру құралы, дәрі қорапшасы мен төтенше жағдай кезінде қолданылатын заттардың барлығы түгел болуы міндетті. Сондай-ақ олардың доңғалақтары да жылдың әр мезгіліне сай ауысып отыруы қажет.
Мөлдір Ибадуллаева