Автокөлікке салынатын салық кешірілуі мүмкін. Бірақ жеңілдік барлығына жасалмайды. Рақымшылыққа тек жүрмей тұрған машиналардың иелері ілікпек. Бұл жөнінде ҚР Парламенті Мәжілісінің үкімет сағатында қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев айтты.
Көлік салығы төңірегіндегі күрделіктер мәжілістегі үкіметтік сағаты барысында қызу талқыланды. Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаевтың мәлімдеуінше ел бойынша жүрмей тұрған көліктер көп. Бірі ескі, енді бірі жол апатынан кейін тұрып қалған. Ал кейбір жүргізуші темір тұлпарын тіркеуден шығармай сенімхат арқылы немесе бөлшектеп сатып жіберген. Бірақ бұлардың барлығына жыл сайын салық салынып жатыр. Елде шамамен осындай 10 мыңнан астам көлік бар. Ал салынған салық миллиондап саналады.
Ерұлан Жамаубаев, ҚР Қаржы министрі: «Қайтыс болып кеткен азаматтардың көліктері, өткен ғасырдағы 60-70 жылдардағы көліктер қаншама. Олардың барлығын база арқылы ішкі істер министрлігімен анықтап оларды есептен шығару бойынша жұмыс жүргізудеміз».
Пандемияға байланысты 2020 жылға көлік салығын төлеу мерзімі ағымдағы жылдың 1-ші сәуіріне дейін шегерілген болатын. Алайда көлік иелері асығар емес. Мысалы қаламыздағы Еңбекші ауданы бойынша 5 916 азамат көлік салығы бойынша қарызын осы күнге дейін өтемеген. Сомасы 253 млн. теңгеге жеткен.
Ғани Ториев, Еңбекші ауданы бойынша мемлекеттік кірістер басқармасының өкілі: «Бізде бір борышкердің 16 көлігі бар. Есепте бар, алайда көліктер сатылып кеткен. Ол бойынша сот орындаушылары жұмыс істеп, азамат пенсиясынан қарызын төлеп жатыр».
Министрдің айтуынша, рақымшылыққа, тек жүрмей тұрған машиналардың иелері ілікпек. Мұндай автокөліктерге салық кешірілетін болса, онда есепте бар, алайда іс жүзінде жоқ көліктердің мәселесі шешілетін еді- дейді жергілікті салықшылар.
Естеріңізге сала кетейік, Шымкент қаласы бойынша мемлекеттік кірістер департаменті берген мәлімет бойынша шахарда 289 мың 716 көлік тіркелген. 25 мың 310 көлік иесінің берешегі 1 млрд 108 млн. теңгені құраған. Сала мамандары борышкерлерді жылдың соңына дейін көлік салығы бойынша қарыздарды өтеуге шақырады.
Шынар Оразова