Адам өмірін аман сақтауда аянбаған ақ халатты абзал жанның еңбегінің еленуі, лайықты құрмет көрсетілуі заңдылық. Шымкентте облыстық клиникалық ауруханасы ғимаратында, айтулы ауруханада 1969-1999 жылдары аралығында еңбек еткен белгілі дәрігер-хирург, травматолог-ортопед Совет Махановтың құрметіне мемориалды тақта қойылды.
Салтанатты жиынға қатысқан замандастары, әріптестері, шәкірттері білікті маман, ұлағатты ұстаздарын еске алды. 2012 жылы дүниеден озған Совет Маханұлы, арамызда болғанда 5-ші желтоқсанда 80 жасқа толар еді.
Совет Маханұлы дәрігерлік еңбек жолын 1962 жылы Шымкент медициналық училищесін бітіргеннен соң, Қызылқұм ауданында фельдшер қызметінде бастады. 1963 жылы білімін жетілдіру мақсатында С.Асфендияров атындағы Мемлекеттік медицина инстититутына түсіп, дәрігер-педиатор мамандығы бойынша диплом алды. Жас маман 1969-1974 жылдары Шымкент облыстық ауруханасында дәрігер травматолог-ортопед, кейін ОҚ облыстық балалар ауруханасының балалар травматологиясы және ортопедиясы бөлімшесінің меңгерушісі қызметін атқарды.
Жайлаухан Қарабеков, Совет Махановтың шәкірті:»1979 жылы мен институтты бітіріп келгенде Совет ағамыз біздің тәлімгеріміз болды. Сынықтарды қалай орнына келтіру, емдеуді ,науқаспен, қалай сөйлесу керек екенін Совет Маханұлынан үйрендік. Мен ұстазымды ешқашан ұмытпаймын».
Өзінің бүкіл қызметі барысында Совет Маханұлы өте білікті тәжірибелі маман ретінде танылды. Сырқаттанған балаларға көрсеткен қолдауы, жанашырлығы, қамқорлығы әлі ел аузында. Жұмыс барысында балалар травмотологиясы және ортопедиясындағы жаңашыл әдістері, оталары клиникада сәтті жүзеге асырылғанын әріптестері осы күнге дейін айтады.
Ералы Тұрабеков, дәрігер-терапевт, травматолог:»Совет Маханов жақсы адам, жақсы дәрігер болатын. Ол кісі енгізген жаңа әдістер профилактикалық шараларға көшуге мүмкіндік берді. 300 ден аса ота жасалатын. Күрделі. Жаңа әдістер дисплазия сияқты аурулардың алдын алуға әсерін тигізді. Ағайдың гипс жасағанын көрсеңіз ғой , «красота» ондайды ешкім істей алмайды».
Владимир Зобнев, балалар хирургы:»Мен Совет Маханұлымен қызметтес болдым. Өте жарқын адам, жақсы дос, жақсы маман еді. Әрдайым кеңес беріп, қолдау көрсететін. Уақыт ешкімді де аямайды, Ол арамыздан мезгілсіз кетті. Өкінішті- ақ. Үлкенді, кішіні бөліп жармаған , кішіпейіл, адамгершілігі мол әріпстес досымыз жайлы естелік жүрегімізде мәңгі сақталады. Оның ісін балалары , немелері, шәкірттері жалғастыратынына күмәнім жоқ.»
Таңдаған мамандығына адал ақ халатты абзал жанның ісін бүгінде ұлдарының бірі жалғастыруда.
Шынар Оразова