Ерекше жандарға арналған орталық өз жұмысын бастады

187

Шымкентте Тәуелсіздіктің 30 жылдық мерейтойы қарсаңында мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған орталық ашылды. «Тең қоғам» әлеуметтік қолдау орталығы Қазақстанда алғаш рет бой көтерді.

Шымкентте Тәуелсіздіктің 30 жылдық мерейтойы қарсаңында мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған орталық ашылды. «Тең қоғам» әлеуметтік қолдау орталығы Қазақстанда алғаш рет бой көтерді.

Арман Кенжебай бұған дейін әлеуметтік қызмет алу үшін бірнеше мекеменің табалдырығын тоздыратын. Енді оның – «Ten qogam» әлеуметтік қолдау орталығының арқасында мәселесін бір мезетте шешу мүмкіндігі бар.

Арман Кенжебай, Шымкент қаласының тұрғыны: «Әрине, пайдасы бар. Өйткені, бір орталыққа келіп бірнеше мәселемізді шешіп кетуімізге болады. Инватакси қызметі болсын, санаторийге бару керек, тағы да басқа қызметтер көп екен. Оны да қазір көріп жатырмыз, танысып. Бұған дейін әр жерден алатын едік, ана анықтаманы мына жерге алып келесің, ол жақтан алып анда апарасың. Біз сияқты азаматтарға ол өте қиын нәрсе».

Орталықтың ашылу салтанатына арнайы қатысқан қала басшысы ерекше азаматтардың мүмкіндіктерін жүзеге асыруға мемлекет тарапынан тиісті қадамдар жасалып келетінін айтты.

Мұрат Әйтенов, Шымкент қаласының әкімі: «Бүгін міне мүгедектігі бар адамдарға арналған «Тең қоғам» деген жобаны ашып жатырмыз. Бұл біздің қаланың шектеулі азаматтарға мүмкіндік -осы жерге жиналып, тек қана оларға емес, ардагерлерге осы жерге келіп, өздері тіркелуге болады».

Орталықта әлеуметтік портал ұсынатын қызмет түрлерін ешкімнің көмегінсіз қолдануды үйретеді. Сонымен қатар, келушілердің заң тұрғысынан, әлеуметтік, психологиялық, тұрмыстық мәселелер бойынша мамандардан кеңес алу мүмкіндігі бар. Сондай-ақ, басқарма басшысы мұнда ерекше қажеттілігі бар адамдарды жұмысқа орналастыруға баса назар аударатынын жеткізді.

Балмаржан Нарбекова, Шымкент қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының басшысы: «Шымкент қаласында 36 мыңнан астам мүгедектігі бар азаматтар бар. 6600-ден астам 18 жасқа дейінгі балалар бар. Бұл орталық осы ерекше азаматтарға қызмет көрсетеді. Бұл жерде әлеуметтік такси мен инватакси қызметі көрсетіледі. Төбеде арт-терапия, еңбек терапиясы бар. Одан бөлек кітапханамыз бар».

Қазақстанда алғаш ашылып отырған орталықта қазір 31 қызметкер бар. Қала әкімі мұндай орталықтың санын көбейту жоспарда бар екенін атап өтті.

Айта кетейік, ағымдағы жылы мүмкіндігі шектеулі азаматтарды қолдау үшін бюджеттен – 3,7 млрд. теңге қаржы бөлінген.

Гүлдана Дәурен