Өскелең ұрпаққа рухани азық болатын туындылардың қатары толықты.
Аль- Фараби атындағы қалалық ғылыми әмбебап кітапханасында қаламгер, кәсіпкер, меценат, «Халық құрметі» медалінің иегері Клара Лаханқызы Атемованың «Отан үшін от кешті» кітабының тұсау кесері өтті.
«Отан үшін от кешті» кітабын қаламгер Клара Атемова әкесі Ұлы Отан соғысының ардагері, ұлағатты ұстаз Лахан Атемовқа арнапты. Жалындаған жастық шағы майдан даласында өтіп, ерте есейіп, қыршын кеткен майдандас жолдастарының қиылған өмірі мен тас талқан болған тағдырдың куәсі болып, сұм соғыстың қатыгездігін бастан кешкен ардақты әкесінің өмірлік жолы тек Атемовтар әулетіне емес, қарым қатынаста болған отбасылары үшін өнеге болды,- дейді басқосуға жиналғандар.
Қаламгер кітабында әке-шешесі жайлы жүрек жарды жақсы тілектер мен естеліктер қалдырған азаматтарға алғысын білдірді. Неміс тілінен сабақ берген Лахан ағайды шәкірттері осы күнге дейін еске алады. Ізденімпаз, бірнеше тілді меңгерген, әрбір оқушының жүрегіне жол таба білген, өз мамандығының қыр сырына қанық, оны қастерлейтін аса ұқыпты мұғалімді кездестірмедік деп еске алады ұстаздар қауымы. Туынды қадірлі әкеме деген құрмет және ізденіс, еңбектің арқасында дүние көрді- дейді қаламгер.
Халықаралық жазушылар одағының мүшесі Клара Лаханқызының «Өмір керуені», «Ғажайып мекен- Қатарау», «Асыл қазына» кітаптары жарық көрген. 2018 жылы «Әлібек би» атты тарихи романы оқырмандарға жол тартты. Отансүйгіштік, ісіне адал болу, жауапкершілік сияқты ұғымдарды әулеті арқылы көрініс тапқан жаңа кітап өскелең ұрпақты тәрбиелеуде үлесін қосары анық дейді қаламгердің әріптестері мен оқырмандары. 1 мың дана болып басылған кітап, оқу- әдістемелік құралы ретінде мектептерге таратылады.
Шынар Оразова