Әлеуметтік маңызы бар азық-түліктің бағасын тізгіндеу үшін болжамдық-талдамалық орталық құру керек.
Мәжілістің жалпы отырысында депутаттар Үкіметке осындай ұсыныс жасады. Ғалым Әміреевтің айтуынша, елімізде ауыл шаруашылығы өнімдерінің бағасын ертерек анықтау бойынша жүйелі жұмыс жүргізілмейді. Салдарынан бір жерде баға шарықтап тұрады, ал кейбір шаруалар өнімін өткізе алмай қиналады.
Депутат азық-түліктің бағасына жауапты бір мемлекеттік органды айқындап беруді де сұрады. Оның пікірінше, агроөнеркәсіптік кешендегі ақпараттық ресурстарды интеграциялап, жиналған деректерді талдау үшін бірыңғай автоматтандырылған жүйе болу керек. Бүгінгі таңда бағаның әрбір күрт өсуінен кейінгі салдармен ғана күрес жүргізілуде.
Ғалым Әміреев, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:»Бағаны тежеу жөніндегі жұмыстағы сәтсіздіктер үшін жауаптылық көзделмеген, яғни, қашан әрі не сатып алу және проблемаларды қалай шешу керек екені туралы нақты жол сілтейтін ешкім жоқ. Өңірлердегі филиалдарымен бірге агроөнеркәсіптік кешеннің орталықтандырылған болжамдық-талдамалық орталығын құру қажет».
Шынар Оразова