Онлайн саудадағы алаяқтықпен күрес күшейтілмек

91

Ағымдағы жылы кибер шабуылдарға қатысты 20 мыңға жуық қылмыстық іс қозғалған. Мәжіліс Қазақстанның киберқалқаны қай деңгейде деген мәселені талқылады. Елдің кибер қорғанысы бірте-бірте күшейіп келеді.

5 жыл бұрын әлемдік көрсеткіште 118-ші орында тұрсақ, биыл 31-ге түстік. Интернет алаяқтар  тасада отырып, жұрттың қалтасын қағуға құмар. Сондай бір қитұрқылықтан сақтану жолы ретінде сатушылардың жеке мәліметін интернет сауда алаңдарына көрсету ұсынылды.

Рүстем Дүйсетаев, ҚР ІІМ киберқылмысқа қарсы күрес орталығы басшысының міндетін атқарушы: «Бұл жеке сәйкестендіру нөмірі, SIM-карта, хабарлама қалдырушыға қатысты қосымша ақпарат. Мұндай шара онлайн саудадағы алаяқтықты едәуір азайтады».

Соңғы 3 жылда кибер соққы 4 еседей көбейген. Биыл 19 мыңнан аса қылмыстық іс қозғалды. Соның 3 мыңдайы жекенің дерегін иеленіп, несие рәсімдеуге байланысты. Ақша шетел банктері мен шоттары арқылы шығарылған. Әсіресе Ресей мен Украина жақтан шабуыл көп. Вице-министр ақпараттық қауіпсіздік саласындағы айыппұлды арттыру керек,-деп санайды.

Асхат Оразбек, ҚР Цифрлық даму, қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрінің орынбасары: «Жыл басынан 56 жоспардан тыс тексеріс өткіздік. 30 лауазымды және 5 заңды тұлға жауапқа тартылды. Барлығына салынған айыппұл 2 млн. 800 мың теңге. Алайда, қателігі сабақ болмайтын сияқты. Айыппұл мөлшерін көтеру керек. Осындай ұсыныспен депутаттарға шықпақшымыз».

Елдің киберқалқанын күшейтуге — Bug Bounty бағдарламасы серпін беруде. Бұл мемлекет немесе компаниялардың ақпараттық жүйелеріндегі ақауларды анықтау алаңы. Яғни, интернет ресурс иелері ІТ мамандар цифрлық технолгиядағы осал тұсын анықтап бергені үшін ақы төлейді. 1 жыл бұрын енгізілген жобаға Қырғызстан қызығып отыр. Енді өз елдерінде сынамақ.

Шынар Оразова