Таяуда ғана Қазақстан Республикасы Парламентінде «Еліміздің еңбек күші артық өңірлерінен еңбек күші тапшы өңірлеріне азаматтарды көшіру бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстың барысы туралы» үлкен жиын өтті. Бұған Елбасының Дүниежүзі қазақтарының V құрылтайында берген тапсырмасын орындау барысында Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы Төрағасының бірінші орынбасары З. Тұрысбеков Қазақстан Республикасы Парламентінің «Өңір» депутаттық тобы мүшелерімен тығыз жұмыс жасауы себеп болды.
Сенатор Ерік Сұлтанов басқаратын топ мүшелері Әлімжан Құртаев, Алтынбек Нұхұлы, Динар Нөкетаева, Жеңіс Нұрғалиевтармен бірлесіп, қандастарды солтүстік өңірлерге қоныстандыру бойынша мәселені пысықтау үшін Ақмола, Солтүстік Қазақстан, Павлодар, Қостанай облыстарында іссапарларда болып қайтқан еді.
Сенаторлар Ақмола облысындағы тікелей Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының бастамашылдығымен асар амалымен салынып жатқан Аршалы ауданындағы 8 мың қандасқа арналған бір үлгідегі 1282 коттедждің құрылысын көріп, бастамаға қолдау білдіретіндерін айтқан еді. Онда болашақта 3,5 мың жұмыс орны құрылады.
«Өңір» депутаттар тобы Солтүстік Қазақстан облысында жұмыс күші тапшы екенін көздерімен көрді. Әкімшілік 1300 отбасыға жер телімін бөлуге әзір, бірақ оған қолданыстағы заң нормалары мүмкіндік бермейтінін қынжыла айтты.
Екібастұз қаласының аумағында жеке тұрғынүй құрылысы үшін 1 мың гектар және мал шаруашылығы өнімдерін өндіру үшін 1 млн. гектарға жуық жерді игеруге өңірдің әлеуеті бар. Тек заңға өзгеріс енгізу керек.
Ал Қостанай облысындағы «Соколов-Сарыбай тау-кен байыту өндірістік бірлестігі» АҚ-на бүгінде 900 маман қажет. ССТӨБ оларды жұмыс күші артық өңірлерден көшіріп алуға да әзір. «СарыарқаАвтоПром» ЖШС-гі де қосымша 500 маман тартуға мүдделі. Салынып жатқан «КАМАЗ» зауыты құрылысы да 500 жұмысшыға зәру. Ауыл шаруашылығы техникасын өндіру жөніндегі өнеркәсіптік кәсіпорын «Агромашхолдинг КЗ»-ке де қосымша 180 маман жетіспейді. Сөйтіп, тек осы кәсіпорындардың ғана кадрларға деген жалпы мұқтаждығы шамамен 2200 адамды құрайды.
Сондай-ақ, «Олжа агро» кәсіпорны да оңтүстік өңірлерден 2000 отбасын көшіріп әкелуге мүдделі. Олар мүйізді іріқараларды өсіруге жұмылдырылады.
Бұл ретте Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы Қостанай облысының орта арнаулы оқу орындарында білім беріп, содан кейін жұмысқа орналастырып және жеке тұрғынүй құрылысы (ЖТҚ) үшін жер телімдері бөлінген жағдайда, оңтүстік өңірлердегі қандастар арасынан жастардың қоныс аударуын қамтамасыз етуге дайын екенін мәлімдеді.
Бұған жауап ретінде өңір басшысы Қ. Ақсақалов инфрақұрылымы әзір Петропавл қаласының «Южный», «Солнечный-1», «Солнечный-2» ықшам аудандарын көрсетіп, 1300 отбасыға жер бөлуге болатынын, бірақ оған заң көтермейтінін көлденең тартты. Біріншіден ол адамдардың өңірге қатысы жоқ әрі кезекте тұрған жергілікті адамдар бар.
Осы іссапардың нәтижесі бойынша Қазақстан Республикасы Парламентінде 30 қарашада арнайы кеңес өтіп, онда қандастарды солтүстік аймаққа қоныстандыру жайы қаралды. Жиынға «Өңір» депутаттық тобының мүшелері 17-і сенатордан бөлек Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Е.С. Біржанов, Ауыл шаруашылығы вице-министрі Р.Ж. Құрманов, Білім және ғылым вице-министрі Қ.А. Ерғалиев, Индустрия жәнет инфрақұрылымдық даму министрлігінің Құрылыс және тұрғынүй-коммуналдық шаруашылық істері кқмитетінің төрағасы Т.Ж. Қарағойшин, Ұлттық экономика министрлігінің Өңірлік даму департаментінің директоры Д. Жұмбайбек, Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі төрағасының орынбасары Н.А. Әбдірахманов, «Отбасы банк» тұрғынүй құрылыс жинақ банкі» АҚ Басқарма төрайымы Л.Е. Ибрагимовалармен бірге Түркістан облысы әкімінің орынбасары Ұ.Қ. Тәжібаев, Солтүстік Қазақстан облысы әкімі орынбасары Ғ.С. Нығметов, Павлодар облысы әкімінің орынбасары М.Ж. Өтешов, Қостанай облысы әкімінің орынбасары В.Н. Ионенко сияқты өңірлердің өкілдері болды.
Мәселелерді екжей-текжейлі қарай келіп, «Өңір» депутаттар тобы жетекшісі Ерік Сұлтанов халықты қоныстандыруға қатысты Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына өзгерістер енгізу бойынша жоба Парламентте талқыланып жатқанын жеткізді. Енді осы құжатқа ұсыныстар берілмекші. Нәтижесінде, қандастарға кедергісіз жер бөлу мәселесі шешілмек.
Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы өз ұсыныстарын білдірді. Ол бойынша ең бірінші қоныстандыру аймағын анықтау. Екінші, қандастарымыз бен жұмыс күші артық өңірлерден жұмыс күші тапшы аймақтарға қоныс аударушыларға «Асар» бағдарламасына қатысушы мәртебесін беру. Үшінші, «Асар» жобасына қатысушыларға жерді топтап бөлуі тиіс. Мысалы, бес жүз отбасын бір маңға қоныстандырса, олар өз ортасында жүріп, жаңа мекенге тез бейімделеді. Сондай-ақ, жер бірден оның меншігіне өтіп кетпейді, атына ғана тиесілі болады. Оғанға дейін жер телімдері әкімдіктердің жанындағы дербес бөлімдердің (мысалы әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорация «Сарыарқа») балансында тұрады. Үй толық салынып біткенде адамдардың атына ауыстырып береді. Баспана құнының 50 пайызын мемлекет төлеп, 50 пайызын азаматтар өз есебінен салады. Он жылға дейін ол үйді сатуға құқы болмайды, содан кейін баспана оның меншігіне өтеді. Әуелгіде, солтүстікке қоныс аударғаны үшін көтерме қаржы және 1 жылға жалға алатын баспана ақысы төленуі тиіс. Міне, осы тәсілді қолдана отырып, асар амалымен кешендерді қысқа мерзімде әрі сапалы салуға болады.
Егер осы жоба жүзеге асқан жағдайда кемінде алты күрделі мәселе шешімін табады. Біріншіден, қоныс аударушы бақшаға қолайлы жерден сапалы әрі арзан баспана салады. Екіншіден, жұмыс орны мен ауыл шаруашылығы бизнесіне қол жеткізеді. Үшіншіден, жұмыс күші тапшы аймақтардағы бос жұмыс орындарын толықтырады. Төртінші, қала ауыл шаруашылығы өнімдерімен қамтамасыз етіледі. Бесіншіден, халық тығыз орналасқан аймақтарда жұмыссыздардың, аз қамтылғандардың саны азайып, әлеуметтік жағдайдың ушығуы азаяды. Алтыншыдан, елдегі демографиялық ахуал реттеледі.
Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы Төрағасының бірінші орынбасары З.Қ. Тұрысбековтың ұсыныс-пікірі сенаторлар тарапынан қолдау тауып, ел иігілігіне қызмет ететін шаруалардың жүріп кетуіне олар заңдық-нормалық қамтамасыз етуді басшылыққа алатын болып ұйғарылды. Тиісті мемлекеттік органдардың өкілдері де бұған қарсылық білдірмеді.
Ортақ мәміле – түпкілікті нәтижеге апаратыны мәлім.